Атырау көшелерінде төрт түлік тайраңдап жүр...

Иесіз жүрген үй жануарлары жол қозғалысына қауіпсіздік тудырып қана қоймай, көшедегі абаттар мен гүлзарларды жеп, айналаға қоқыс шашуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Редакция тілшісі мұндай жағдайда не істеуге болатынын зерделеп көрді. Осындай мәселелерді шешу үшін «Арнаулы автобаза» ЖШС, «Адал» компаниясы және қалалық кәсіпкерлік бөлімімен арнайы келісімшарт жасалған. Егер бұрын «Арнаулы автобаза» қызметкерлері жануарларды аулап, қораға қамаса, қазір «Адал» мекемесіне тапсырады. Содан соң ол Орал тасжолы бойындағы қораға жеткізіледі. Иелері табылғанша сонда болады. Қожайындары табылған кезде малдың қорада болған әр күніне төлем жасауға міндеттеледі.

«Бізде дайын механизм жұмыс жасайды. Ветеринарларға хабарласып, мал иелерін анықтаймыз. Сөйтіп, жергілікті полиция қызметкерлерін шақырамыз. Олар мал қожайындарына айыппұл салады. Биыл біз 30 жылқы мен тұтас түйелер табынын ұстадық. Сондай-ақ, күні кеше ғана қала орталығындағы Восток маңынан құлынды бие анықталды. Екеуінде де сырға болмады» дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов.

Ал, полиция департаментінен білгеніміздей, биылдың тоғыз айында Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы 408-бап, яғни, «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша 105 әкімшілік хаттама толтырылыпты.

Айта кетейік, аталған заң нормасын бұзғандарға 3 АЕК – 10 350 теңге айыппұл қарастырылған. Ал, егер физикалық тұлғалардың мүлкіне залал келтірілген болса, айыппұл 10 АЕК – 34 500 теңгені құрайды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ