Атырау көшелері адам танымастай өзгермек

Еліміздің мұнайлы астанасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Егер 2017 жылы басталған «Атырау қаласын жарықтандыру» жобасы толықтай жүзеге асатын болса, онда шаһардың түнгі келбеті адам танымастай өзгеруі әбден мүмкін, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл аталған әріптестік арқылы 886 көшеге жарық тарту жұмыстары басталып, қазір соның 268-і жарықтандырылған.

Ал, «Атырау қаласын жарықтандыру» жобасының 2024-2025 жылдарға жоспарланған алтыншы кезеңінде 438 көшеге жарық шамдары орнатылмақ.

Бүгінде электрмен қамту жұмыстары Баймұханов, Теміржол вокзалы, Берғалиев, Биғалиев, СМП-163, Контейнерная, Коттеджная, Достық, Кошев, С.Датов, Махамбет (12 «а»), Мангышлак-2, Теңдік стансасы, Тұлпар және Қара Депо ықшамаудандарында жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, осындай жұмыстар Сарыөзек, Береке және Зарослый елдімекендерінде де жүріп жатыр. Бұл да келер жылы аяқталуы тиіс.

Айта кетейік, Атырау қаласы бойынша әбден ескірген 1409 жарық бағанасын ауыстыруға мемлекеттік байқау жарияланып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: "фейсбук" (иллюстрация)