Жергілікті экологтар облыс орталығында ауа құрамына тексеріс жүргізіп, зиянды заттарды анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– “Казгидромет” РМК мәліметтеріне сай 2023 жылдың 10-11 қазан күндері Атырау қаласында орналасқан №109 “Восток”, №110 “Привокзальный”, №108 “ТКА”, №103 “Шағала”, №112 “Акимат”,№113 “Авангард”, №114 “Загородная”, №111 “Жилгородок” атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутегі ингредиентінен РЕШШ-тен (рұқсат етілген шекті шоғырлану) асу фактілері болды, - деді облыстық экология департаментінің өкілі Эльнара Оралова. – Ең төменгі көрсеткіш - 0,01 РЕШШ, ең жоғарғы көрсеткіш – 6,1 РЕШШ.
Осы орайда, Департаменттің Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірлесіп «АМӨЗ» ЖШС-не қарасты «Химпоселок», «Перетаска» және «Мирный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларының маңынан сынама алу жұмыстарын жүргізді.
Сынама алу жұмыстары күкіртсутек, көмірсутек, бензол ингредиенттеріне жүргізілді. Бұл күндері желдің бағыты оңтүстік-шығыс, атмосфералық ауа температурасы + 9 °С, қысым 767, ылғалдылық 78% және желдің жылдамдығы 2 м/с болды.
Нәтижесінде, бензол көрсеткіші – 4,80 (РЕШШ -0,3 мг/м3) , күкіртсутек көрсеткіші - 0,009 (РЕШШ -0,008 мг/м3) көрсетіп, атмосферлық ауада зиянды заттардың рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі анықталды.
Жазылғандар негізінде, Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, аталған фактілер бойынша, жоғарыда көрсетілген гигиеналық нормативтерді бұзуға жол берген объект операторына, табиғат пайдаланушыларға қатысты заңмен көзделген шаралар алу үшін жолданады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ