Атырау қаласының әкімі кімдерге "екі" қойды?

Қала әкімі Шәкір Кейкінұлы жергілікті полиция, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және бөлім басшыларымен бірге, қаладағы сауда базарларының санитарлық тазалық талаптарының орындалуын зерделеп шықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қала әкімінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, зерделеу барысында қала әкімі санитарлық талаптарды өрескел бұзып, базар аумағының тазалығына жауапкершілікпен қарамай, тұтынушылар мен саудагер кәсіпкерлердің наразылығын туғызған базар әкімшілігіне бірқатар сын айтып, заң аясында шара қолданатынын қатаң ескертті.

- Кез-келген кәсіпкер, олардың ішінде сауда орталықтарының әкімшілігі тұтынушылар мен сауда жүргізіп отырған шағын кәсіп иелеріне қолайлы жағдай қамтамасыз етіп, сауда орталығының тазалығын толық бақылауында ұстауы қажет. «Тазалық тазаланған жерде емес, ластамаған жерде» дегендей, сауда орталықтарының басшылығы осы қағиданы мүлде орындамай отыр. Базарларда қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатыны анық. Сол себепті сауда орталығының аумағын уақытылы қар мен мұздан, еріген қар суы мен көктемгі-күзгі жауын-шашыннан жиналған судан тазартып, күнделікті бекітілген аумақтағы қордаланған лас қоқысты жинауды, базар әкімшілігі күн тәртібінен түспейтін міндет екенін естен шығармауы керек. Әр кәсіпкерді көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы азамат деп қабылдаймыз. Сондықтан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, барлық кәсіпкерлік нысан иелері өз нысандарының аумақтарын және өз аумақтарынан тыс кіреберіс, көлік тұрағы мен айналасын талапқа сай таза ұстап, қала тазалығына үлес қосуға міндетті екенін ескеруі қажет. Қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі» деген дана сөзі, барлық кәсіпкерлерімізге сабақ болуы керек, - деді Шәкір Кейкінұлы.

Қала әкімі жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, тазалыққа жауапкершілікпен қарамаған сауда орталықтарына шара қолданып, жағдайды толық бақылауда ұстауды тапсырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ