Атырау қаласының әкімі бау-бақша кооперативтерінің төрағаларымен кездесті

Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкин «Речник», «Рыбник», «Химик», «Гидротехник» бау-бақша кооперативтерінің төрағаларымен және дача тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар көтерген негізгі мәселе — дачалық үйлерді жеке тұрғын үй құрылысы санатына көшіру және инфрақұрылымды тарту, деп хабарлайды AtyrauPress.

Қала әкімі бұл бағытта облыстық басқармалармен бірлесе отырып, қаланың Бас жоспарын әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, ол қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөліміне жүргізіліп жатқан инвентаризацияны белсенді түрде жалғастыруды тапсырды.

Айта кету керек, биыл инженерлік инфрақұрылымды тарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманың әзірлеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, қаладағы жолдарды жөндеу кезінде ескі асфальт қабаты бау-бақша кооперативтеріндегі жолдарды нығайту үшін пайдаланылатын болады. Асфальт қалдықтарының заңсыз пайдаланылуының алдын алу үшін құзыретті органдармен бірлескен шаралар қабылданады.

Қала әкімінің айтуынша, барлық бұл жұмыстар дача тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Жергілікті билік қала инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөле отырып, тұрғындардың мәселелерін кезең-кезеңімен шешуде.

Фото pixabay