Атырау қаласының "Құрметті азаматы" атанды!

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында Атырау қаласына еңбегі сіңген қос азаматқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

- Алдымен сіздерді Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтаймын! Конституция – заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат. Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан егемен еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Айтулы мейрам күні тағы да бір игі істің басынан табылғымыз келіп отыр. Бүгін өздеріңізбен Атырау қаласы мәслихатының «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешіміне сәйкес, қаламыздың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосып, көп жылғы жемісті еңбегін қаламыздың дамуына сарп еткен жандарды құттықтауға жиналып отырмыз. Бұл- мәртебелі марапат!- деді қала әкімі Ш.Кейкин.

«Құрметті азамат» атағын алғандар қатарын Атырау қаласының білім беру жүйесінде 45 жыл белсенді жұмыс атқарған Дәулетқазиев Ерболат Гусманұлы бастайды. Ардагер 2010 жылдан «Қазақстан Халық партиясының» Атырау облыстық филиалы төрағасы болып қызмет атқарған. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Осындай зор атаққа лайықты деп танылған тау-кен саласының ардагері Жолымбаев Марат Түлкібайұлының да ерен еңбегін ел-халқы жақсы біледі. Ардагер тау-кен саласының өндірісті басқару, инжиниринг, терең барлау мен өндірісті бұрғылауды ұйымдастыру және бақылау, мұнай кен орнын игеру және шикі мұнайды экспорттау саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет еткен. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Салтанатты жиын барысында алғаш мемлекеттік қызметке қабылданған қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті.

Қала әкімі марапат иелерін тағы бір мәрте құттықтап, жаңа мамандардың еңбек жолына сәттілік тіледі.

Марапатқа ие болған тұлғалар, өздерінің ақжарма тілектерін де жеткізді.