«Атырау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді
Еңбек ардагерлеріне «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласы күні қарсаңында қалалық мәслихат сессиясының шешіміне сәйкес өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға қала әкімі Шәкір Кейкин «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Бүгін Атырау қаласы үшін артына жақсы із бен іс қалдырған азаматтарға «Қаланың құрметті азаматы» атағын табыстаудың сәті түсіп тұр. Қаламыздың қабырғасы қатайып, әсем қалаға айналуына осы төрде отырған аға-апаларымыздың маңдай тері бар екені сөзсіз. Мұнайлы астанамыздың күннен күнге көркейіп, өркендеуіне қосқан үлестеріңіз зор. Осы орасан еңбектеріңізді жоғары бағаланып, қаламыздың құрметті азаматы атанып жатырсыздар. Лайықты марапатты паш ететін төсбелгілеріңіз құтты болсын! - деді қала әкімі.
Қаланың «Құрметті азаматы» атағы төрт ардагерге берілді. Олар:
1. Қобданова Усиля Нәсіпқалиқызы - жоғарғы санатты дәрігер. Денсаулық сақтау саласында 45 жылдай еңбек өтілі бар, ісін өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білген азаматша. Басқарған ұжымымен бірге талай биік көрсеткіштерге жетті. Денсаулық саласының қыр-сырын терең меңгерген маман ретінде Интертич, Каспий Медикал, Интелмед клиникаларында күндізгі стационар ашуға бірден бір себепкер болған. Еңбектегі жетістіктері үшін мемелкеттік награда «Шапағат» медалімен, облыстық кәсіподақ ұйымының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімінің алғыс хаттарымен, «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталған.
2. Талпакова Гульжан Изимовна - 1965-1967 жылдар аралығында Қазақстанның халық әртісі-Шара Жиенқұлова сыныбында дәріс алған. 20 жыл ішінде шығармашылық өмірінде көптеген елдерде қазақ биін паш етіп, 52 шет елдерде болып, ресми делегациялар құрамында болған. Софияда, Берлинде, Гаваннада өткен дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивальдерінің жүлдегері атанған. 2009 жылдың ақпан айында Атырау облысы әкімінің шақыруымен Атырау қаласында көшіп келіп, қазіргі кезде «Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны директорының орынбасары қызметін атқарады. Осы уақытта алғаш рет 14 ауылдық округ клубтары үшін және саңыраулар қоғамы үшін 15 хореограф штатын бөлдіруге ықпал етті. Осы жылы бишінің өнер сахнасына шыққанына 50 жыл толуына орай Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Гүлжан Талпақованың І Республикалық әлем халықтарының билерін орындаушы жеке бишілер» конкурсы ұйымдастырылса, 2019 жылы Г.Талпақованың мерейлі 70 жасқа толуына арналып «Гүлжан Талпақованың І Халықаралық әлем халықтарының билерін орындаушы жеке бишілер» конкурсы Атырау қаласында өткізілді.
3. Қуанышев Булат Ғазизұлы - экономика саласы, қаржы саласындағы білікті маман. Керемет ұйымдастырушы, шығармашылық қызметкер. Терең теориялық біліммен ұштастырылған бай практикалық тәжірибеге ие бола отырып, қаржы саласында жоғары білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай үлкен үлес қосып жүрген азамат. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің құрылғанына 30 жыл» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, салалық комитетінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталған.
4. Габдолла Қамза Мұхамедьярұлы - Еңбек жолын Балықшы ауданына қарасты Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәні мұғалімі болып бастады. 2007 жылы Мұрат Мөңкеұлы атындағы орта мектебіне директор болып тағайындалды. 2015-2021 жылдары Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы болды. Балықшы аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. 2021 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған. Зейнеткерлікке шыққаннан бастап «Өмір белестері», «Ғибратты ғұмыр», «Айтылмаған ақиқат», «Майдангер ұстаз», «Сағыныш сазы», «Еңбекпен өрілген өмір», «Ары таза, өмірі өнеге», «Бабалар сөзі – ақылдың көзі», «Парасат» және «Қажы Ғабдолла қазірет» атты кітаптарды жазған қаламгер.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ