Атырау қаласының дамуына арналған жаңа бас жоспар әзірленіп жатыр

Атырау қаласының алдағы даму бағытын айқындайтын жаңа бас жоспар әзірленуде, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратта айтылды. Құжатта қаланы 2040 жылға дейін кешенді дамыту, аумақты тиімді ұйымдастыру және тұрғындар санының өсуін ескере отырып инфрақұрылымды жоспарлау көзделген.
Жаңа бас жоспарды әзірлеуге қаланың қарқынды өсуі мен қала маңындағы елді мекендерді біртұтас жүйеге біріктіру қажеттілігі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта Атырау қаласының аумағында және оған іргелес елді мекендерде халық саны артып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме күшейген.

Бұрын қала дамуы қолданыстағы бас жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келді. Енді жаңа құжат аясында қаланың барлық тіршілік саласы қамтылып, ұзақмерзімді перспектива ескеріледі. Жобалау жұмыстары 2024 жылғы мамырда басталған, ал мемлекеттік келісімдер мен сараптамаларды қоса алғанда 2026 жылғы желтоқсанға дейін аяқталады. Бағдарламаны іске асыру 2032 жылдан басталып, есептік кезең 2040 жылға дейін жоспарланған.

Сонымен қатар, бас жоспар аясында қалалық аудандар құру мүмкіндігі де қарастырылуда. ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» Заңына сәйкес, облыстық маңызы бар қала халқы 400 мыңнан асқан жағдайда қалалық аудан құруға рұқсат етіледі. Бұл мәселе бас жоспар Үкімет қаулысымен бекітілгеннен және қала құрамына барлық ауылдық елді мекендер енгізілгеннен кейін заңнамаға сәйкес жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, ресми деректер бойынша 2025 жылғы 1 қаңтарда Атырау қаласының халқы 326 мың адамды құрайды, ал қала маңындағы елді мекендерді қоса есептегенде бұл көрсеткіш 422 мыңға жеткен. Осыған байланысты қала аумағын жүйелі түрде кеңейту және басқару тетіктерін жетілдіру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.