Атырау қаласындағы Ж.Молдағалиев көшесінде жөндеу жұмыстары басталды

Орталықтағы Ж.Молдағалиев көшесінің Азаттық көшесімен қиылысқан тұсы және «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ғимаратына дейінгі аралықтағы жолды жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Ұзындығы 438 метрді құрайтын Ж.Молдағалиев көшесін жөндеу шамамен 3 айға созылады. Бұл туралы мердігер мекеме «КДСМ» ЖШС-нің үйлестірушісі Бекежан Мажитов мәлім етті. Қазір құрылысшылар демонтаж жұмыстарымен айналысып жатыр.

«Бұл көшені 3 айдың ішінде жөндеп шығуға тырысамыз. Егер жолдың асты таза болса, бұл уақыттан да ерте тәмамдаймыз. Оның астында не барын білмейміз ғой. Мәселен, тоқ немесе басқа да желі шығуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыс уақыты созылады», - дейді  компания өкілі.

Ж.Молдағалиев көшесінің беткі қабаты толығымен сылынып, жаңа асфальт төселеді. Сонымен қатар, жол жиектері қойылып, жаяу жүргіншілер жолы да жаңартылады.

Айта кетейік, «КДСМ» ЖШС Ж.Молдағалиев көшесімен қатар Г.Әліпов және М.Темірханов көшелерін де жөндейді. Осы 3 көшеге қала бюджетінен 507 млн 453 мың теңге бөлінген. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 1 мың 395 метр жол жөндеу көрмек.

Эльмира Мықтыбаева