Атырау қаласындағы №30 мектептің қашан бұзылатыны белгілі болды

Облыс орталығындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының ғимараты көктемде толық бұзылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Апатты деп танылған білім ордасының ғимараты көктемде бұзылады. Бұл ақпаратты облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі мәлім етіп отыр. Енді оның орнына 1200 балаға арналған заманауи жаңа мектеп салынады.

Білім ордасының құрылысымен «Самұрық-Қазына» АҚ айналысады.

Естеріңізде болса, бұл туралы былтыр қараша айында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтқан еді. Алайда ол кезде мектептің қашан бұзылатыны нақтыланбады.

«Бұл мектептің шатырында мәселе бар.  Ғимарат 2000 жылдардың басында салынған. Ал 2007 жылдан бастап төбеден су кете берген. Шатырдың беті тегіс, скат жоқ. Битум мастикасымен құйып тастаған. Күннің ыстық болуы, жел салдары мен басқа да сыртқы факторлардың салдарынан шатырдан су аға бастады. Шатырдағы бетон мастикасын алып тастайық десек, оны да  істеу мүмкін емес. Өйткені 2-3 жылдан соң тағы су ағады. Түбегейлі скатпен жабайық десек, ғимараттың 60 проценті төбеден жарықтандырылған. Сыныптар электр жарығынсыз қалады. Мемлекеттік стандарттарға да сай келмейді. Мектепті толық бұзуды қарастырып жатырмыз. Оның орнына жаңа оқу орны салынады. №30 мектептің орналасқан жері жақсы», - деді Ж.Бисембиев тікелей эфир кезінде.

Апатты деп танылған мектеп 2002 жылы пайдалануға берілген. Алайда жылдар өте келе ғимараттың төбесінен су кетіп, мектеп жарамсыз күйге енді. Былтыр ақпан айында оқушылар басқа мектептерге уақытша ауыстырылды.  Ал сәуір айында білім ордасы толық жабылды.

 

Эльмира Мықтыбаева