Атырау қаласындағы №30 мектеп толығымен бұзылуы мүмкін

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Білім ордасы 2002 жылы пайдалануға берілген. Алайда жылдар өте келе ғимараттың төбесінен су кетіп, мектеп жарамсыз күйге енді. Былтыр ақпан айында оның төбесінен су кеткен соң оқушылар басқа мектептерге ауыстырылды. Ал сәуір айында толық жабылды.

«Бұл мектептің шатырында мәселе бар. 2000 жылдардың басында салынған. Ал 2007 жылдан бастап төбеден су кете берген. Шатырдың беті тегіс, скат жоқ. Битум мастикасымен құйып тастаған. Күннің ыстық болуы, жел салдары мен басқа да сыртқы факторлардың салдарынан шатырдан су аға бастады. Шатырдағы бетон мастикасын алып тастайық десек, оны да  істеу мүмкін емес. Өйткені 2-3 жылдан соң тағы су ағады. Түбегейлі скатпен жабайық десек, ғимараттың 60 проценті төбеден жарықтандырылған. Сыныптар электр жарығынсыз қалады. Мемлекеттік стандарттарға да сай келмейді. Мектепті толық бұзуды қарастырып жатырмыз. Оның орнына жаңа оқу орны салынады. №30 мектептің орналасқан жері жақсы», - деді Ж.Бисембиев.

Облыс әкімінің орынбасары №30 мектеп бұзылған соң, оның орнына көпқабатты жаңа білім ордасы салынатынын және «жайлы мектептер» құрылысының жобалары бар болғандықтан, оны салу қиынға соқпайтынын айтып өтті.

Сондай-ақ, мектеп жабылмайды. Педагогикалық құрам сақталып қалады.

«Біз жылдар бойы қордаланған мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Сондықтан да шыдай тұру керек. Мұғалімдер штатта қалады», - деп түйіндеді Ж.Бисембиев.

Эльмира Мықтыбаева