Төрт жылда бір рет келетін 29 ақпан күні облыс орталығында 24 нәресте жарық дүние есігін ашты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қыс пен көктемнің түйісер тұсы — ақпанның соңғы күні Атырау қаласында облыстық перинаталды орталығында 16, ал қалалық перзентханада 8 нәресте туылған, оның екеуі егіз қыздар. Соның ішінде оны - ұл, он төрті - қыз бала. Олардың барлығы да 29 ақпанда түске дейін дүниеге келгендер.
Ғаламтордағы деректерге көз салсақ, 29 ақпанда дүниеге келген адамдар таңдаулы, ерекше қабілетті және талантты болады. Әлем бойынша 4 миллионнан астам адам бүгін туған күнін атап өтеді екен. Бұл жер тұрғындарының 0,06%-ы ғана.
Атырау қаласының тұрғыны Айбат Қаражанов та 29 ақпан күні туған. Ол жыл сайын дүниеге келген күнін 28 ақпанда атап өтеді.
«Мен 1976 жылы кібісе жылы өмірге келдім. Бала кезден ата-анам жылда туған күнім тойланбай қалмасын деп бір күн ертерек атап өтуді әдетке айналдырды. Ал 4 жылда бір келетін 29 ақпанда туған күнімді тойлау мен үшін тым қызық. Ата-анам бұл күні ерекше адамдар туылады деп қолдап отыратын. Өзімді бақытты адамдардың бірімін деп санаймын. Бес ұл-қызым бар. Атыраудағы белгілі компанияда инженер болып жұмыс істеймін. Мен сияқты дәл бүгін өмірге келген атыраулықтарды туған күндерімен құттықтаймын!», - деді А.Қаражанов.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында (1992 жылдан бастап) 29 ақпанда 5 мың 110 адам дүниеге келген. Олардың 2 мың 707-cі - ер адам, 2 мың 403-і - әйел адам. Кібісе жылдарының арасында әзірге 2016 жыл көш бастап тұр. Бұл жылы 29 ақпанда 438 ер бала, 432 қыз бала өмірге келіпті.
Ал Атырау облыстық статистика департаментіне хабарласқанымызда, ондағылар өңірде 29 ақпанда туғандарды арнайы есепке алу жүргізілмейтінін алға тартты.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі есеп бойынша Атырау облысында 704 мың 78 адам тұрады.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: freepik.com