Атырау қаласы тәулік бойы жаңбыр суынан тазартылды

Атырау қаласында нөсер жауыннан кейін жиналған суды тазарту жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып, тәулік бойы жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

25 наурыз сағат 08:00-ден бүгін сағат 08:00 аралығында арнайы техникалар күшейтілген режимде жұмыс атқарды. Атап айтқанда, «Арнаулы Автобаза» мекемесінен 5, «Сервис» БМ тарапынан 6, сондай-ақ жеке меншік сектордан 22 вакуум техникасы жұмылдырылып, барлығы 33 техника қала көшелеріндегі жаңбыр суын тазартуға тартылды.

Жұмыстар қаланың бірқатар маңызды аумақтарында жүргізілді. Атап айтқанда, Теміржол вокзалы аумағы мен Алмагүл, Балықшы, Авангард, Өркен, Ескі қала, Мясокомбинат, Сарықамыс шағын аудандары және Чехов, Азаттық, Қ.Сәтбаев көшелері, сондай-ақ Драматеатр маңындағы жаңбыр суы толықтай сорылды.

Аталған уақыт аралығында жалпы көлемі 2950 текше метр су сыртқа шығарылды. Бұл қала инфрақұрылымының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Қазір 109 бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштер негізінде жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жедел әрекет етуде.