«Цифрлы Қазақстан: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен пленарлық мәжіліске 200-ге жуық педагог қатысты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Дәстүрлі жиында білім беру саласындағы жасанды интелектті тиімді пайдалану, цифрлық жүйені оңтайландыру, қауіпсіздік мәселелері қаралды.
Іс-шарада қала әкімі Шәкір Кейкін жаңа оқу жылында Дамбы ауылдық округіндегі орта мектеп пайдалануға берілетінін айтты.
"Бұдан бөлек, биыл қаладағы 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келер жылы үш мектепті қайта жаңартамыз. Қалған 58 мектеп орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, қалада облыстық құрылыс басқармасы арқылы 6 мектептің құрлысы жүргізілуде",-деді Ш.Кейкінұлы
"Қазақтелеком" АҚ Атырау қаласы Корпоративті Сату Орталығының Директоры Назира Сарманованың айтуынша, облыстың білім беру нысандарына бейнебақылау камералары орнатылуда. Мұндағы видео-жазбаларды Полиция департаментінің жедел басқару орталығы бақылауға алады.
Дәстүрлі конференцияда маман тапшылығын болдырмау және мұғалімдерді баспанамен қамту мәселесі де айтылды
"Облыста 86 мақсатты мектеп бар. Олардың сапасын көтеру мақсатында мұғалім санын арттырып, маман тарттыру жұмыстарына ден қоямыз. Сондай-ақ, методикалық кабинеттерімізге әдіскерлер қажет. Ол үшін өзге өңірден келетін педагогтерді баспанамен қамту мәселелерін қарастырып жатырмыз", - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Мұрат Әбуов.
Анықтама үшін: қала бойынша 65 жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Оның ішінде: 9 мектеп-гимназия, 5 мектеп-лицей, 1 негізгі мектеп, 1 кешкі мектеп. Биыл 10 мыңға жуық бала 1-ші сыныпқа қабылданды.