Биыл қазан айынан бастап «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» (ЭЧ-4) мекемесіне қарасты Атырау қаласының кейбір ықшамаудандары мен Исатай ауданының Томан ауылында электр желісін жүргізу құрылысы қайта іске асырылуда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Электр желісімен жабдықтау жұмыстары «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС және «Айком Ltd» ЖШС-нің мердігерлігімен өткен жылдың мамыр-шілде айларында басталған.
«Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ Инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы Динара Қуанышеваның айтуынша, техникалық шарттарға өзгеріс енгізіліп, жобаға түзету жұмыстары жүргізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған.
- Былтырға жоспарланған жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер мен өзгерістер енгізіліп, биыл қарашасында сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сол себепті электр желісі мен көше жарығының құрылысы қайта іске асырылуда. Жаңартылған жобаға Қара депо, Тұлпар, Теңдік ықшам аудандары енгізілді. Жоба бойынша Атырау қаласының бірқатар көшелері мен ықшамаудандарына 48,3 шақырым электр желісі жүргізіліп, 4 дана тарату пунктін (ТП) және 13 дана трансформатор орнату, 1 дана 35/6 кВ қосалқы станциясын салу қарастырылды. Томан ауылы бойынша 30 шақырым электр желісі жүргізіліп, №83 «Новобогат» 110/10 кВ қосалқы станциясын қайта жаңғырту көзделді, - деді Д.Қуанышева.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар үшін өткен жылға жергілікті бюджеттен 74,4 млн теңге қаражат бөлініп, игерілсе, осы жылға 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде екі жоба бойынша 340 темірбетон тіректер орнатылды. Аталған елді мекендерде құрылыс жұмыстарын аяқтап, іске қосу 2024 жылға жоспарлануда.