Атырау қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Атырау қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Әбдісаттаров Ердос Ғаниұлы тағайындалды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы қала әкімдігінің ресми ақпаратында мәлімделді. Жаңа орынбасарға қала дамуының бірқатар маңызды бағыттары бойынша жауапкершілік жүктелмек.

Ердос Ғаниұлы Әбдісаттаров 1994 жылы дүниеге келген. 2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін 2024 жылы «Болашақ» университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2015 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында бастаған. 2015–2019 жылдар аралығында индустриялық-инновациялық жобалар департаментінде, агроөнеркәсіп жобалары мен инвестициялық бөлімдерде түрлі жауапты қызметтер атқарып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бағытында тәжірибе жинақтады.

2019 жылғы мамыр айынан бастап 2025 жылғы наурыз айына дейін «Нур-Назар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарып, кәсіпкерлік және басқару саласында жұмыс істеді.

Тағайындалғанға дейін, 2025 жылғы наурыз айынан бастап Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында қызмет етіп, өңірлік басқару жүйесінде тәжірибе жинаған.