Атырау қаласында екі күннен бері жауған жаңбыр шаһар тұрғындарын ғана емес, коммуналды қызметкерлерді де әбігерге салды. Суды сорғылау жұмыстарына 40-қа жуық техника жұмылдырылды. Қаланы қар мен жаңбыр суынан тазалау күшейтілген режимде жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мамандардың айтуынша, 5 және 6 ақпан күндері жауған жауын-шашынның мөлшері бір айлық мөлшерден көп болып, қолайсыздықтар туғызып отыр. Кешелі бері қаланы еріген қар және жаңбыр суынан тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Арнайы жұмылдырылған 40-қа жуық техника ең алдымен қаладағы әлеуметтік нысандардың маңы мен су көп мөлшерде жиналған көше бойларын тазартуда. Қазір 2 мың 450 тонна су сорылды.
«Спецавтобаза» ЖШС-нің басшысы Алмас Ізтілеуовтің айтуынша, су сорғылау жұмыстары 5 ақпан күні түнде басталып, мекеменің 7 техникасы жұмыс істеді. Ал жеке кәсіпкерлер тарапынан 9 бірлік техника көмекке келді. Түнгі уақытта барлығы 1 мың 380 текше метр су сыртқа апарып төгілді.
«Таңғы сағат жетіден бері «Спецавтобазаның» 6 вакуум көлігі қала көшелерін судан тазартуда. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің берген 5 вакуум көлігі де жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек 20 техниканы тағы қосыңыз. Бізге түскен өтінімдер кезекпен шешіледі. Жұмыстар әлі де жалғасуда»,- деді ол.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаладағы әлеуметтік нысандардың айналасы мен «Авангард», «Сарықамыс», «Вокзал маңы» шағынаудандары және Құлманова, Азаттық, Құспан молла, Құрманғалиев, Құлманова, Азаттық көшелерінің көшелерінің бойы тазартылуда.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімдігінің 109 бірыңғай байланыс орталығына 5-6 ақпан күндері аумақты жауын суынан тазалау бойынша 78 мекен жайдан 458-ден астам қоңырау қабылданды.
Осы мәселеге қатысты өтінімдер 109 бірыңғай байланыс нөмірі арқылы қабылданады.
Эльмира Мықтыбаева