Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ баспасөз-хатшысы Ләззат Еділханқызы хабарлады.
Соңғы жылдары сапасына біраз сын айтылған «Атырау-Индер» автокөлік жолының Атырау қаласы мен Томарлы елді мекені аралығындағы бөлігінде қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бастапқы шақырымдары «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» жолымен қиылысатын маңызды жол қыркүйекте пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгін «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ инженері Нұрлан Жантурин нысандағы құрылыс жұмыстарын тексерді. Естеріңізге сала кетейік, бірінші деңгейлі жолды қайта жаңғырту 2019 жылы қолға алынып, аяқсыз қалған еді. Қалаға кіреберіс жолдың 0-10 шақырым аралығында пайда болған шұңқырлар және жол жабындысының тозуы салдарынан автокөлік жүргізушілері біраз қиындық көріп келді. Жолға тапсырыс беруші қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі биыл 2 шақырым жолды қайта жаңғыртуға қаражат бөлген. «Қазір ескі жол жабындысы арнайы техникамен тазалануда. Тас жолдың екі жағындағы жер тегістеліп, топырақ төсеу жұмыстары басталды. Бұрынғы жолдың ені небәрі 7 метр болатын, енді ол 19 метрге дейін кеңейіп, ортасы бөлініп, 4 жолақты жолға айналады. Жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған және жарықтандырылады. Бұл жолда жұмыс енді басталғандықтан, құрылыс материалдарынан сынама алынған жоқ. Келесі аптада материалдар әкелінгесін жер төсемесінен, астыңғы қабатынан, малта тасты құмды қоспалардан сынама алып, зертханада тексереміз, - дейді Н.Жантурин.