Атырау гарнизоны Көрісу мерекесін атап өтті
№41433 әскери бөлімінің қызметшілері бұл күнді жыл сайын атап өтеді. Олар бүгін де ұлттық тағамнан дәм татып, бір-біріне тілектерін білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мерекені ұйымдастырушылар сарбаздарға да дәм татқызып, тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің офицерлері «Көрісу күнінің» тарихы және одан кейінгі мереке күндері туралы айтып берді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
- Сарбаздар қызығушылықпен тыңдады, өйткені олар елдің әр өңірінен әскерге шақырылған. Көбі мұндай атаулы күн туралы алғаш рет естіп отыр. Мереке тек бейбіт тұрғындарды ғана емес, әскери қызметшілерді де жақындастырады. Бұл негізінен дәстүр болса, біз үшін бір жағынан достық байланыстарды нығайту жөніндегі мәдени-демалыс шарасының бірі болып отыр, - деді №41433 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Мейрам Қаппасов.
Өз кезегінде әскери қызметшілердің отбасымен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Дария Шүкенова көрісудің маңызына тоқталды.
-14 наурыз ежелден қазақтар арасында жаңа жылдың басы болып саналды. Бұрын «Көрісу күні» тек батыста ғана тойланатын, ал қазір ол бүкіл Қазақстан бойынша танымал болып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Біз өз дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтап, ұрпаққа осыны үйретуіміз керек, - деді ол.