«Атырау» футбол клубының директоры жанкүйерлер сынына жауап берді

«Атырау» футбол клубы Қазақстан кубогіндегі жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды ATPress.kz.

Команда соңғы матчта алматылық  «Қайраттан» ойсырай ұтылды. Есеп - 3:0.
Бұл топтан шығу үшін шешуші матч еді. Бірінші таймды толығымен сәтсіз аяқтаған команда кездесудің екінші  жартысында жағдайды түзетуге тырысты, алайда нәтиже өзгерген жоқ. Қорыта айтқанда, топтық кезеңде еншілегеніміз - 7 ұпай. Былтыр  2 ұпаймен шектелген едік.
«Ордабасыдан» 4:1 есебімен жеңілгенін көріп налыған атыраулықтар командадағы  лигионерлерді  шеттетуді талап етіп, шу шығарғаны көптің есінде шығар.  
ATPress.kz тілшісі клуб басшылығынан сол бір сүреңсіз ойынның себебін сұрап көрді.

 Эрнис Есмагамбетов,  «Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС директоры:

«Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС директоры:  «Қазіргі уақытта команда өз ойынын таба алмай жүр, бірақ бір жарым ай бұрын біздің құрама 6 кездесуін  жеңіліссіз өткізді. Онда «Қайрат» сияқты мықты командаларды сырт алаңда 3:0, қазіргі чемпион «Тобылды» 2- 1 және  «Ордабасыны» 2-1 есебімен тізе бүктірді. Біз соңғы жеңілістердің себептерін тез арада анықтауға тырысамыз және жақында жағдайды түзете алатынымызға сенімдіміз».


Шетелден аттай қалап алдырған жалдамалы ойыншылардың ел біріншілігінде қарық қылмағанын көріп налыған жанкүйерлер болса негізгі құрамға жергілікті футболшыларды  шығаруды талап еткен.  “Бір жеңер, бір жеңілер. Әйтеуір, намысқа тырысып бағады. Тәжірибе жинап, ертең-ақ мықтылармен терезесі тең өнер көрсетіп кетеді. Тек соған мүмкіндік беру қажет» дейді олар.
Клуб әкімшілігі көпшіліктің бұл пікірімен келіскісі жоқ.
 

Эрнис Есмагамбетов,  «Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС директоры:

- Бас бапкер алаңға кімді шығару керектігін өзі шешеді. Апта бойғы жаттығуда өзін жақсы қырынан көрсете алғандар ғана негізгі құрамға алынады, - дейді Эрнис Есмагамбетов. - Жалпы атыраулық футболшылар мүлдем ойынсыз қалып жүр деу қисынсыз. Мысалы, Алтынбек Сапаров жалпы матчтардың жартысынан көбіне қатысты, ал, Асылбек Сейтқалиев 5 матчта ойнады, бұл өткен маусымдардың кез келгенімен салыстырғанда көп. Тағы бір айтарымыз, кәсіби спортта ойыншылардың қай өңірден екеніне емес, олардың біліктілігіне мән беру қажет. Мысалы, бүгінде теннисші Елена Рыбакина еліміздің мақтанышына айналды. Ол қазақ жерінде дүниеге келмесе де Қазақстанның намысын ту қылып жүр емес пе?


Кәсіби спорттан хабары бар адамның бұл пікірді қолдайтыны хақ. Дегенмен, кім көрінгенге уыстап ақша ұстата салмай, сатып алатын ойыншының да қарым-қабілетіне мән берген дұрыс. Жанкүйерлердің де талабы сол. Мысалға Қазақстан футзалының дамуын алып қараңыз. Дуглас, Игита, Тайнан сынды спортшылардың арқасында қазақ футзалы жоғары деңгейге көтерілді. Солармен иық тіресе жүріп Ақбалықов, Есенаманов, Оразов, Тұрсағұлов сынды қазақ ойыншылары қалыптасты. Олар бүгінде әлемнің ең мықты командаларымен бір деңгейде өнер көрсетеді. Бұдан шығатын түйін – Атырау футболына  да Дуглас секілді жетекші ойыншылар қажет.

 
 Эрнис Есмагамбетов,  «Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС директоры:

- Бұл пікірмен келісеміз, әрине. Дуглас, Игита - әлемдегі ең жақсы ойыншылардың бірі. Бірақ біздің чемпионатқа ондай мықты футболшыларды әкелу әзірге мүмкін емес. Әр клуб өз мүмкіндіктері бойынша жұмыс істеп, қаржыны дұрыс жоспарлауы қажет. Маусым басталар алдында бірнеше қазақстандық футболшылармен, құрама ойыншыларымен келіссөздер жүргіздік, алайда ойыншылардың қаржылық сұраныстары біздің клуб беретін жалақыдан әлдеқайда жоғары болды. Әрине, біз де өз командамызда Канте, Жоа Паоло, Томасов немесе Асхат Тағыберген сияқты жетекші ойыншылардың болғанын қалар едік. Алайда, қолымыз қысқа. 2021 жылғы маусымдағы үлкен қарыздарды ескере отырып, біздің чемпионатымыздың стандарттары бойынша жұлдыздарды шақырып, клубты қаржылай тығырыққа тіреу кәсібилік болмас еді.


Айта кетейік, күні бүгін «Атырау» командасының сапында  Бразилия, Польша, Сербия, Хорватия, Ресей және Армения елдерінен келген ойыншылар бар. Олардың айлық табысын ашып айтпаған  директор жалпылама  тәжірибелі қазақстандық футболшылардың шетелдіктермен бірдей деңгейде жалақы алатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта «Атырау» Қазақстан чемпионатының 8-ші орнында тұр. Команданың негізгі құрамында  27 адам бар, оның 15-і – қазақстандық, 12-сі - шетел азаматтары.