Атырау фармацевтикалық зауытының құрылысы неге тоқтап тұр?

Облыста 9 жылдан бері тоқтап тұрған зауыт жайлы кезінде 800 млн дәрілік таблетка, 300 млн капсула, 78 млн ампула, 3 млн қаптама жақпа май және көктамырға құюға арналған 12 млн флакон ерітінді өндіреді деп мәлімделген болатын.

«Кезінде Атырауда фармацевтикалық зауыт тұрғызу үшін қомақты ​ қаражат қаралды. Қаржының 49 пайызын «Атырау» әлеуметік кәсіпкерлік корпорациясы бөлді. Корпорация арқылы 800 млн. теңге көлеміндегі қаражат зауытқа құрал-жабдық алу үшін бөлінген еді. Компания корпорация арқылы бөлінген қаражатты құрал-жабдыққа емес, құрылыс саласына жұмсап жіберген. Қаражат мақсатты жұмсалмағаны себепті, оны қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша, жоба тоқтап қалды. Қазіргі таңда зауытта инфрақұрылыммен мәселе жоқ. Жол бар, газ тартылып тұр. Алдағы уақытта зауыттың тағдырына байланысты оң қозғау болады деп сенемін. Қалай десек те, фармацевтикалық зауытқа елімізде қажеттілік бар. Себебі, Қазақстанда дәрі-дәрмек шығарып жатқан үлкен зауыт жоқ. Алматыда, Шымкентте цех деңгейіндегі өндіріс қана бар. Бұл еліміздің қажеттілігі үшін жеткіліксіз» деп атап өтті Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев. ​

Еске сала кетелік, Атырауда фармацевтикалық өнімдер шығарылатын «LUMPAN CASPIAN PHARMACEUTICALS LLP» зауыты салына бастаған болатын.​ 3 млрд. 700 млн. теңгеге бағаланған зауыт құрылысы 2017 жылы аяқтау жоспарланған еді.  Жобаға сәйкес, Атырауда 800 млн. таблетка, 3 млн. әртүрлі сықпа майлар, 20 млн.-ға жуық ерітінді құты шығарылуы тиіс болған еді. ​ 

Облыс әкімдігі  зауыт құрылысын жандандыру үшін инвестор іздеу үстінде. Бірақ оған  қызығушылық танытқан компания әзірге  жоқ. 

 

 

Сурет ашық дереккөзерден алынды.