Өткен аптада экологтар Жайық өзеніне Ерік Мостовой каналынан құйылып жатқан судан сынама алып, оның құрамында зиянды заттардың барын анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы бойынша экология департаменті қызметкерлері «Ерік мостовой» каналынан Жайық өзеніне құйылып жатқан судан сынамалар алды. Талдама нәтижесінде су құрамында хлоридтің және құрғақ қалдық көрсеткішінің нормадан асып кеткендігін көрсетті.
«Атырау облыстық мәслихатының 2018 жылғы шешімі бойынша су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларға, жауын суын құятын құдықтарға және арық жүйесіне қоқыстың тасталуына жол берілмейді. Осыны негізге ала отырып, экологтар тарапынан қала әкіміне каналдан Жайық өзеніне ағып жатқан суды тоқтатып, канал жағасын, ішін қалдықтан тазалау туралы хат жолданды», - деп хабарлады Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қаладағы «Ерік мостовой» каналынан аққан кәріз суы Жайық өзеніне құйылып, ластап жатқаны туралы жазған едік.
Айта кетейік, «Ерік Мостовой» каналы «Атырау» шағынауданынан басталып, қала аумағы арқылы Ракуша және Еркінқала ауылдарының қиылысы маңынан Жайық өзеніне қосылады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА