Облыстық маңызы бар «Атырау-Доссор» тас жолын көлік қозғалысының көбеюіне байланысты төрт жолаққа дейін кеңейтуді келер жылы бастау жоспарланды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл жол учаскесі 2009 жылы III техникалық санат өлшемдеріне сай қайта салынды. Қазіргі уақыттағы екі жолақты жол көліктердің қозғалысына тар болып отыр. Сондықтан «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес өткен жылы I техникалық санатқа ауыстыру туралы шешім қабылданды.
«КазАвтоЖол» ҰК АҚ АОФ директоры Мұрат Мықтыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тас жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
- Жалпы ұзындығы 86 шақырым болатын жолдың санатын ауыстыру үшін жасалып жатқан құжаттар қыркүйек айында мемлекеттік сараптамаға жолданады.Кейін қорытындысы алынған соң, конкурс арқылы мердігер мекеме анықталады. Соған сәйкес қайта жаңарту жұмыстары басталады. ЖСҚ сәйкес тас жол төрт жолақты болып кеңейтіледі. Бөлу жолағының арақашықтығы 5 метрден 300 метрге дейін салынады, қарама-қарсы көліктер бір-бірін көрмейді. Бұл болашақта тас жолдағы жол көлік апатын азайтуға септігін тигізеді,-деді М.Мықтыбаев.
Қайта жаңғырту жұмыстары екі кезеңмен жасалады. Бірінші кезең бұл «Атырау- KPI ЖШС»арасында, екінші кезеңі «KPI ЖШС-Доссор» аралығында жүргізілмек. Келу және кету жолдарының арасы бақылау пункттарында қосылады. Жолдың бойына жанармай бекеттері, тамақтану орындары, демалыс орындары салыну үшін орын қойылады. Бұл жолаушыларға сапарда қолайлы болу үшін жасалып отыр.