Атырау-Доссор тас жолы төрт жолаққа кеңейтіледі

Өңірдегі республикалық маңызы бар «Атырау-Доссор» тас жолы 4 жолақты болып өзгертіледі,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осыған дейін облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына «Атырау-Доссор»  автожолына ерекше назар аударып, аталған жолдың жақсаруын жүйелі шешуді тапсырған болатын. 

Ұзындығы 86 шақырым болатын тас жолдың бойында орналасқан ТШО, НКОК, ЭМГ, KPI, Ескене газ өңдеу зауыты сияқты  ірі кәсіпорындардың жүк ағынына байланысты көлік қозғалысы өте қарқынды.  Жауапты маман иелері мәселені шешу мақсатында жүргізгелі отырған құрылысты алдағы 4 жылда аяқтауды жоспарлап отыр.

- Ақпанның аяғы, наурыз айында мердігер мекеме анықталады. Атырау – Доссор тасжолының құрылысы біткеннен кейін Құлсарының айналма жолы, Доссор – Құлсары ортасы, Құлсарыдан Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі автожолдар  бірінші санатты төртжолақты жолға кеңейту жоспарымызда бар,- деді  «ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облысы филиалының директоры Ардақ Қайреденов.

Айта кетейік, осыған дейін облыс аймағындағы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын «Атырау-Астрахань» тасжолы толық жаңартылып, қолданысқа берілді.