Атырау жолдарынан 67 ақау анықталды

Атырау жолдарынан анықталған 67 ақау жойылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Ләззат Еділханқызы мәлім етті. Филиал мамандары жыл басынан бері 74 нысанға 903 рет тексеріске шықты. Оның 34-і жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау кезіндегі тексерулер. Жолдардан анықталған 335 ақаудың 70-і өрескел. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ Сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Нұрлан Жантурин айтты.

Анықталған  кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші мен күтіп ұстайтын «Қазақавтожол» ЖШС-не ұсыным хат жолданған. Нәтижесінде 67 кемшілік жойылған. Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының кейбір бөліктерінде отырған жол жиегі тегістелген. Сонымен қатар, Қарабатан елді мекені, Мақат кенті және  Құрманғазы ауданы аумағындағы республикалық жолда асфальт бетіне түскен сызаттар жойылған. Дәл осындай сызаттар «Құлсары-Доссор» аралығында және «Атырау-Орал» тас жолының Индер ауданы тұсында да анықталып, қалыпқа келтірілген.

Филиал мамандары жыл басынан бері Атырау облысында салынып жатқан жолдардың құрылысына пайдаланған материалдардан 1614 сынама алды. Оның 235-і ҚР Стандарттарына сәйкес емес.