Атырау және Құлсары қалаларындағы барлық мектептерде бейнебақылау камералары қойылған

Облыс орталығы мен Құлсары қаласында білім ұялары бейнекамералармен 100 % қамтылған, деп хабарлайды ATPress. kz.

  Жаңа оқу жылы басталмас бұрын мұнайлы өлкедегі мектеп, балабақша мен колледждердің қаншалықты бейнекамералармен қамтылғаны жайлы білгіміз келді. Өйткені бұл білім ұяларындағы сақтық шараларын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет.

  Сонымен, Атырау облыстық білім бсқармасы баспсөз қызметінің берген мәліметі бойынша облыстағы мемлекеттік 200 мектеп – 11250, 151 балабақша - 5397, сондай-ақ 17 колледждің барлығы - 695 бейнебақылау жүйелерімен (іші-сыртында) 100 пайыз қамтылып отыр.

  Оның ішінде қала, аудандардағы 137 мектеп «Қазақтелеком» арқылы Полиция департаментінің Жедел басқару орталық жүйесіне қосылуда.

  Бұдан басқа, Атырау қаласындағы мемлекеттік 42 мектеп, 20 балабақша көшедегі «Сергек» камерасы арқылы (ғимараттың сыртқы жағы) Полицияның жедел басқару орталығына шығарылған.

  Айта кетерлігі, Атырау, Құлсары қалаларында бейнебақылау камералары орнатылмаған мектептер жоқ. 200 мектептің барлығына «дабыл түймесі» 100 пайыз қондырылды.

  Турникет 200 мектептің 164-не, 151 балабақшаның 74-не және 17 колледждің 12-не турникет орнатылды.

  Сондай-ақ, облыс орталығы және аудан орталықтарында орналасқан 66 білім беру ұйымдары (мектеп, колледж, балабақша) лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді.

  Білім беру ұйымдарын (мектеп, колледж, балабақша) лицензияланған күзетпен, турникетпен және «дабыл түймесімен» толықтай қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.