Атырау чемпионын құрметпен күтіп алды

Үндістанның астанасы Дели қаласында кір тасын көтеруден өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған атыраулық Ришат Ғалиахметовты жерлестері құрметпен күтіп алды деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл - осыған дейін ел біріншілігі мен азия чемпионатында топ жарған спортшының әлем чемпионатындағы алғашқы жетістігі.

    - Әлем чемпионатында 13 мемлекеттен барлығы 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Мен ауыр салмақ бойынша сынға түстім. Бабыма бағым сай келіп, жеңіс тұғырынан көрінгеніме қуаныштымын. Жаттықтырушыма, жарысқа баруыма қолдау білдірген облыстық спорт басқармасына, басқа да тілеуімді тілеген барлық жанашырларыма алғысым шексіз, - дейді чемпион.

Бұл жарыста жерлесіміз екі 24 келілік гір тасын ұзақ ырғақты цикл әдісі бойынша шамамен 100 рет көтерген. Алайда қырағы төрешілер оның 60-ын ғана есепке алыпты. Осылайша Атыраудың алпауыты алтыннан алқа тақса,   күміс жүлдеге  Ресей, қолаға Латвия, Үндістан елінің спортшылары қол жеткізген.

​​​​Ришат - Қызылқоға ауданына қарасты Қаракөл ауылының тұрғыны. Бүгінде ол туған ауылындағы Қаракөл орта мектебінде алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Спорттың осы түрімен 16 жылдан бері айналысатын 38 жастағы спортшының ендігі мақсаты - биік шыңдарға жету жолында еңбектеніп қана қоймай, өзінің білгенін жастарға үйретіп, чемпиондар тәрбиелеу.