Атырау балабақшаларында төлемақы қымбаттайды

Тамыз айынан бастап Атырау қаласындағы балабақшаларда төлемақы бағасы көтеріледі, деп хабарлайды ATPress.kz.

Ай сайынғы төлемнің  өсуі – мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бір реттік ыстық тамақ ақысының өсуіне  байланысты болып отыр. Естеріңізде болса, біз бұл жайлы ақпаратты берген болатынбыз.

"Азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты балабақшаларда бір реттік ыстық тамақ мөлшерін арттыру туралы қаулы қабылданды. 3 жасқа дейінгі балалар үшін бұл сома 402 теңгеден 627 теңгеге дейін, 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалар үшін 473 теңгеден 783 теңгеге дейін өседі. Мектептердегі балаларды бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету тарифтеріне келетін болсақ, олар жаңа оқу жылының басында қайта қаралады деп күтілуде", - деді  облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.

Осылайша, бұрын балабақша ақысы шамамен 10 мың теңге болса, енді 3 жасқа дейінгі балалар үшін 14 мың теңгеге жуық, ал 3 пен 7 жас аралығындағы балалар үшін шамамен 17 мың теңге төлеуге тура келеді. Нақты сома бір айдағы жұмыс күндерінің санына байланысты.

Білім басқармасы басқа облыстарда балабақшалардағы төлемақы біздің облысқа қарағанда айтарлықтай жоғары екенін атап өтті.

Салыстыру үшін айта кетейік, мамыр айының соңында Ақмола облысында бұл көрсеткіш - 750 теңге, Жамбыл облысында – 450 теңге, көршілес Ақтөбе облысында – 507 теңге, Батыс Қазақстан облысында - 380 теңге болды.