Атырау балабақшасында әткеншекте ойнап, саусағы жұлынған қыздың әкесі арыз жазудан бас тартты (видео)
«Нартайлақ» жекеменшік балабақшасында болған оқиғадан соң зардап шеккен қыздың ата-анасы мен балабақша директоры кездесті. Екі тарап келісімге келіп, бүлдіршіннің әкесі полицияға жазған арызын кері қайтарып алды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Естеріңізде болса, 26 маусым күні Атырау қаласындағы «Нартайлақ» жекеменшік балабақшалардың бірінде 3 жасар қыздың саусағы әткеншекте ойнау барысында жұлынып кеткен еді.
«Мен директордың басқа қалада болғанын білмедім. Бұл жағдайға назар аудармай отыр деп ойладым. Кеше үйімізге келді, билеттерін көрсетті. Расында да, қалада болмаған екен. Сөйлесіп, сабырға келдік. Қызым балабақшаны, достары мен тәрбиешілерін сағынды. Сауыққан соң осында оралады. Бұл әткеншекке отырмайтынын, басқасымен ойнайтынын айтты. Менің балабақшаға деген арыз-шағымым жоқ, ақша да алғым келмейді», – деп түсіндірді Ержан Тәженов.
Ал «Нартайлақ» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Әния Төлешова мекеменің 2013 жылы ашылып, 2015 жылдан бері мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтінін айтты. Бақшаға 2 мен 6 жас аралығындағы 124 бүлдіршін келеді.
«Өз кінәмізді мойындаймыз. Қызды емдеу үшін ата-анасына көмегімізді аяп отырған жоқпыз. Бұл жағдай орын алғанда басқа қалада болғанмын. Жедел ұшып келіп, ата-анасымен сөйлестім. Жақында қайта кеткелі тұрмын. Өйткені қазір еңбек демалысындамын. Мен болмаған кезде журналистер ақпаратты басқаша жеткізген. Жұлынған саусақты әкесі емес, біздің қызметкерлер тауып, ата-анасына берген. Бейне бақылау камерасының жазбаларын қарадық. Видеодан қыздың әткеншек тепкенін, бір сәтте тоқтап қалғанын көруге болады. Саусағы қысылып қалған болуы керек. Сосын секіріп түскен. Қызбен сөйлескенде қалай болғанын еске түсірді», – деді балабақша басшысы.
Кездесу нәтижесінде екі тарап келісімге келді. Әкесі қызының балабақшаға келетінін айтты. Ал мекеме басшылығы емге қажетті барлық шығындарды төлеп береді. Сондай-ақ, зардап шеккен бүлдіршіннің ата-анасы балабақша төлемінен босатылды, тек тамағының ғана ақшасын береді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА