Алақандай Атыраудың өзінде «102» байланыс операторына «абыройыма нұқсан келтірді» деп бір күн ішінде бірнеше тұрғын хабарласады екен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Тіпті, «103» нөміріне қоңырау шалып, оператордың өзін балағаттайтын азаматтар да бар. Олар бұл әрекетін «жедел жәрдем» қызметіне көңілдері толмағандықтарымен түсіндіріп әлек. Бірақ, бұл заң алдындағы жауапкершілікті жеңілдетпейді. Қайта керісінше, жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Есесіне, енді ақ халаттыларға деген құрмет арта түссе, таң қалмаңыз!
Айтпақшы, балағат сөз айтса да, қамауға алынбайтын азаматтар да бар екен. Олар – жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған аналар мен жалғызбасты әкелер, кәмелетке толмағандар, І және ІІ топ мүгедегі, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан кеткен ер азаматтар.
– Қарапайым қоғамдық көлік ішіндегі күнделікті жағдайды алып қарайтын болсақ, жүргізуші мен жолаушылардың арасында сыйқымсыз сөздің неше түрі айтылады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, жүргізуші жылдамдықты арттырғанда немесе телефонмен сөйлескенде жолаушылар наразылықтарын бейпіл сөзбен білдіреді. Сондай-ақ, жүргізушілер де телефонмен сөйлесу барысында көлікте үлкен-кіші отырғанына қарамастан балағат сөзді боратып жатады. Осылайша, жаман сөз күнделікті айтыла берген соң, оны естуге құлақ та үйреніп кетеді. Ал, ар-намысы тапталған жәбірленуші қолын бір-ақ сілтеп жүре береді. Яғни, заң қорғаушы органға шағымданып жатқандар өте аз. Сірә, қазақты «құрсыншы» құртады деген осы шығар, - дейді М.Ердәулет.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: "фейсбук"