Атырау ауруханасында таңғажайып оқиға орын алды! (+ВИДЕО)

Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері алғаш рет сүйегі сынған науқасқа күрделі ота жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық ауруханасына науқас мопедтен ауыр жарақат алып, оң жақ сан сүйек басының жарақаттық артқа қарай шығуы, оң жақ ұршық ойығының артқы бағанасының жарқыншақты жабық ығысқан сынығы диагнозымен түскен. Аталған диагнозбен түскен науқастар бұрын Астана немесе Алматы қаласына ота жасатуға санавиация арқылы жеткізілетін еді. Алайда, дәрігерлер Атырау облыстық ауруханасында бұл отаны алғаш рет жасауға шешім қабылдады.

«Бізге науқас жамбас сүйегінің ауыр сынығымен түсті.Жасалатын ота күрделі болғандықтан,ең алдымен ота алдындағы дайындықты толықтай жүргізіп,операцияны жасадық. Ота сәтті өтіп, науқасқа барлық медициналық көмек көрсетілді», - деді травматолог-дәрігер Қанат Саматұлы.

Науқас операциядан кейінгі оңалтудан соң өз бетімен қозғала бастаған. Қазіргі кезде науқастың жағдайы жақсы, үйге шығарылды.

Сүйектер зақымданғанда тамырлардан қан кетіп, зардап шегушінің өліп кетуі де мүмкін. Оны болдырмас үшін мамандар бірден операцияға жүгінеді. Ал, оның сәтті аяқталуы дәрігер мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты.

Айта кетейік, мұндай күрделі ота өңірімізде алғашқы рет жасалынып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ