Атырау ауасы лас қалалар тізімінен табылды

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов ауасы лас қалаларды атады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оның айтуынша, 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполиста, 9 қалада атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейі байқалған.

«Ластанудың жоғары көрсеткіші Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Шымкент қалаларында анықталды. Өткен жылы мұндай қалалардың саны 10 болған еді. Алайда осы жылдың басында "жоғары" деңгейден "орта" деңгейге өткен Жезқазған қаласы тізімнен шығарылды. Қазіргі кезде табиғатты қорғау тәуекелдері бизнес беделіне әсер етеді. Сондықтан қазіргі кезде бизнес өкілдері табиғаттың игілігі үшін экологтармен бірігіп, жұмыс істеуге тырысады» деді Зұлфұхар Жолдасов.