«Атырау-Астрахань» тас жолының тағы 40 шақырымы толық іске қосылады, бұған дейін 2020 жылы 20 шақырымы пайдалануға берілген болатын. Қалған 217 шақырымның барлығында жыл соңына дейін ауа – райы жақсы болса көлік қозғалысы үшін толықтай ашу жоспарлануда, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қазір «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары қайта жаңғыртылып жатқан халықаралық дәліз құрылысын жіті бақылап отыр.
Филиалдың бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, инженерлер А - 27 - "Ақтобе - Атырау – Ресей шекарасы (Астрахань бағыты)" тас жолына жыл басынан бері 69 рет тексеріске шыққан. Жол құрылысына пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 390 сынама алған. 65 сынаманың ҚР стандарттарына сай еместігі анықталған. Яғни, жол құрылысына пайдаланылған кей жерлерде қиыршықтастың түйіршік құрамы, қарақиыршықтас фракциясы және керн кескінінің қалыңдығы талапқа сай келмейді.
Жол жабындысының толықтай төселіп бітпей көлік қозғалысы үшін ашылған кей жерлерде тегістігі келмейтіндігі анықталды, бұл жерлер жол жабындысының жоғарғы қабаты төселер алдында қайта қалпына келтіріледі. Бүгінгі күнге дейін анықталған сәйкессіздіктің 9-ы қалпына келтірілген.
Филиал мамандарының тексеріс қорытындысы бойынша аталған жолдың 853-893 шақырымы аралығынан анықталған кемшіліктер мердігер мекеме есебінен қайта қалпына келтірілген.