Жыл соңына дейін жол қозғалысы толықтай ашылады деп күтілген «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы енді келер жылы жалғасады.
Өңірде өзекті мәселеге айналған күрежол құрылысының баяу жүруі себебі неде? Көптің көкейіндегі сұраққа жауап іздеген AtyrauPress тілшісі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басшылығына хабарласты.
Компанияның Атырау облысындағы филиалы директоры Болатбек Айтбековтың айтуынша, жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын күре жолдың 132 шақырымы жөнделген және мал айдау өткелдерінің құрылысы аяқталыпты. Олардың жалпы саны — 14. Көпірлерде де құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«4 құрылыс учаскесінен тұратын "Атырау-Астрахан" күре жолының құрылысына 470 бірлік арнайы техника мен 600 жолшы маман жұмылдырылды. 5 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген сайын күрежолда қозғалыс қамтамасыз етіліп келеді. Биылғы құрылыс маусымы аясында 80 шақырымға жаңа асфальт төселді» дейді Болатбек Айтбеков.
Жаңа асфальт төселіп, қозғалыс ашылған учаскелер мыналар:
- Жанбай кентінен Аққыстау ауылына дейінгі аралық - 19,5 шақырым
- Құрғақ көпірінен 17-ші разъезге дейінгі аралық - 18 шақырым
- Байшақа көпірінен Исатай ауданы басталатын тұсқа дейінгі аралық - 15 шақырым
- Құрманғазы ауданынан Атырау қаласына қарай - 18 шақырым
- Тұщықұдық және Жанбай кенттерінің ішіндегі жолдар – 6,5 шақырым
- Тұщықұдық ауылынан Атырау қаласына дейін – 4 шақырым
- Ресей Федерациясының шекарасынан (Астраханға) Атырау қаласына қарай - 80 шақырым.
Сәуір айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында тасжолдың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталуы үшін барын салатынын айтқан.
«Биыл бұл жолды ашып, келер жылы бітіретіндей деңгейге жеткізсін деген тапсырма бердік. Нақты тапсырмалар беріліп жатыр. Кедергі келтіретін жайттар болса оны шешу жолдары да қарастырылып жатыр» деген еді министр. Жергілікті халық жұмысы толық аяқталмаған жолда уақытша болса да қозғалыс ашылғанына шүкір деп отыр. Бірақ, әлі де болса айналама жолдар бар. Ал, жол жөндеу жұмыстарының жоспардағыдан кешеуілдеу себебін компания басшылығы былай түсіндірді:
«Атырау өңірінде тас карьерлері жоқ. Бұл – құрылыс барысында орын алып отырған ең негізгі проблема. Құрылыс жұмыстарына қажет қиыршық тасты теміржол арқылы тасымалдау үшін вагондар керек. Уәкілетті органдармен жүргізілген келіссөздер аясында қиыршық тасты тасымалдау үшін жартылай вагондармен қамтамасыз ету мәселесі ішінара шешілді. "Атырау-Астрахань" күрежолы жобасы аясындағы қажеттілік 24 мың жартылай вагонды құрап отыр. Биыл оның тек жартысы ғана қамтамасыз етілді. Бұл - 11,5 мың жартылай вагон» дейді Болатбек Айтбеков.
«Бұдан бөлек, дизель жанармайының тапшылығы мен қымбатшылығы құрылыс жұмыстарына кері әсерін тигізді. Дизельдің литрі 200 теңгеден 450 теңгеге дейін жетті. Қымбаты былай тұрсын, жанармай таппай қалдық. Жол битумы да тапшы болды. Премьер-министр өз қолына алып, квота арқылы реттемегенде бұны да шешу оңайға соқпайтын еді. Осы мәселелер реттелгенше біраз уақыт өтті. Қазір қысқы дайындық жұмыстары ғана жүріп жатыр. Биылғы құрылысты температуралық режимге байланысты тоқтаттық» дейді компанияның Атырау олысындағы филиалы директоры.
Келер жылғы жұмыстың мардымды жүруі де осы айтылған мәселелерге тікелей байланысты. Жоғарыда айтылған түйткілдердің түйіні шешілмесе, келер жылы да құрылыстың қарқын алып кетуі неғайбыл.
«Бізде тұйықтар (тупиктер) көп емес, вагондар да босай бермейді. Жеке парктердегі тұрақ бағасы да өте қымбат. «Қазтеміртранс» ұлттық компаниясының ғана бағасы тұрақты. Бірақ онда вогондар саны жеткіліксіз» дейді Болатбек Айтбеков.