Атырау-Астрахан бағытында автобус жолға шықты
Алғашқы сапар 28 сәуірде орындалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Барлығы 49 орындық автобус күн сайын Астрахан теміржол бекетінен Атырау теміржол бекетіне дейін қатынайды.
Тікелей бағытта жүретін автобус екі қаланың арасы – 353 шақырымды 7,5 сағатта жүріп өтеді. Оның ішінде Атырау-Астрахан тасжолының аяқталмаған бөліктері мен кедендік тексеру бар. Мемлекетаралық келісімге сай жолаушылар шекараны кезектен тыс кесіп өтеді. Осылайша, автобустың уақыт кестесі бұзылмайды.
Тасымалдаушы тарап – «Автопасс» мекемесінің ақпараты бойынша автобус Астраханнан күн сайын жергілікті сағат 08.00-де шығып, Атырауға 17.30-да келеді екен. Ал, Атыраудан кері қарай жергілікті сағат 21.00-де қозғалып, 05.00-де Астраханға жетеді. Билет құны – 10 мың теңге. Ал, 5-12 жас аралығындағы балаларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сәйкесінше, бес жасқа дейінгілер тегін қатынайды (оларға бөлек орын қарастырылмаған).
"Көлікте салқындатқыш пен тоңазытқыш бар. Автобус демалыс пен мереке күндері де қатынай береді. Екі жүргізуші ауысыммен жұмыс жасайды. Жолаушылар алда билеттерді автобекет кассасынан алуы үшін қазір келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, жуық арада екінші рейсті іске қосу жоспарланып отыр. Ол Атыраудан сағат 09.00-де шығып, Астраханаға 19.00-де барады" дейді мекемедегілер.
Қосымша ақпаратты +7 988 172‑50‑50 немесе WhatsApp арқылы алуға болады.
Ләззат СӘЛІМОВА
Аударған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ