«Атырау-Ақпарат» басшысының орынбасары «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

«Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды деп хабарлайды ATPress.kz.

 БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттаған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Серік Қабдоловты «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Бұл төсбелгі  «102 FM» радиосының басшысы Слухия Абжатироваға да табысталды. Сондай-ақ,  облыс әкімі қарымды қаламгер, журналист Жұмабай Доспановтың өңіріне «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты.
 – Бұқаралық ақпарат құралдары – қашанда шынайы ақпараттың қайнар көзі. Жалпы жұртшылық мерзімді басылым, теледидар, радио, әлеуметтік желілер арқылы күнделікті өмір аренасында болып жатқан алуан түрлі оқиғалармен танысып, мемлекеттік органдардың қызметі туралы жан-жақты біліп отырады. Алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдары облысымыздың өсіп-өркендеуі мен кемел келешегін нығайту жолында өз қомақты үлесін қоса береді деп бек сенемін, - деді Серік Шәпкенов құттықтау сөзінде.