«Атырау-Ақпаратта» - кадрлық ауыс-түйіс

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары мен «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы тағайындалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы болып Атырау облысына белгілі журналист Надежда Тулина тағайындалды. Ол бірнеше жылдан бері облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде журналист, әдеби редактор, шолушы болып еңбек етті.

"Надежда Тулина газеттің қазанында қайнаған, шыңдалған маман. Газетті жаңа деңгейге көтеріп, мазмұнын байытуда Надежда әріптесіміздің тәжірибесі де, кәсіби шеберлігі де жетеді деп сенемін", - деді "Атырау-Ақпарат" медиахолдингінің бас директоры Нұрболат Елеусінов.   

Осыған дейін орыс тілінде шығатын облыстың бас газетін 10 жыл бойы Нәсіп Шалабаева басқарды. Бүгінде Нәсіп Хисметоллақызы құрметті еңбек демалысына шықты.

Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары қызметіне тәжірибелі журналист Серік Қабдолов тағайындалды. Бұған дейін ол медиахолдингте ақпараттық-сараптау бюросын басқарды. Айта кетейік, Серік Балтабайұлы 30 жылдан бері ақпарат саласының дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.

Эльмира Мықтыбаева