Іс-шараны Атырау облыстық бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты 15 наурызда өтетін Бүкілхалықтық референдум қарсаңында ұйымдастырды.
Жиынға «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Нұрболат Елеусінов, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, медиа-холдинг басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ республикалық және жергілікті телеарналар мен басылымдардың тілшілері қатысты.
Конференция барысында «ҚР Жаңа Конституциясының негізгі қағидалары туралы» мәселе қаралып, Мандат комиссиясының хабарламасы тыңдалды. Жиынды Атырау облыстық бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин алғы сөзімен ашып, конференцияның мақсат-міндетімен таныстырды.
Одан кейін қатысушылар жаңа Конституция жобасының мән-маңызы, оның елдің саяси жаңғыру үдерісіндегі рөлі, әділетті әрі прогрессивті қоғам қалыптастырудағы орны жөнінде пікір алмасты.

Атап айтқанда, аудандық "Қызылқоға" газетінің редакторы Бауыржан Сисенов жаңа Конституция жобасындағы кейбір маңызды аспектілерге тоқталды.
– Бүгінде елімізде қызу талқыға түсіп жатқан конституциялық реформалар қоғам дамуының жаңа белесін айқындап беретіні сөзсіз. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ» деген болатын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл реформалар «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыруға бағытталған. Негізгі заңның жаңаруы қоғамдағы теңдік пен әділдікті нығайтуға негіз қалады. Бұдан бұрында Президент билік халыққа жақын болуы керек екенін үнемі айтып келеді. Осы өзгерістер соның нақты көрінісі деп ойлаймын. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Конституцияның жобасын жариялағаны белгілі. Ұсынылған құжат кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады.
Жаңа жобада діннің мемлекеттен бөлек екендігі нақтыланған. Бұл бап зайырлылық бағытымызды бекемдеп, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Ал патриотизмнің негізгі қағидаттардың бірі ретінде енгізілуі – жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіруде маңызды рөл атқарады деп білемін. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Яғни 21-баптың 2-тармағында «Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады» деп бекітілген. Егер заң күшіне енетін болса еліміздегі интернет алаяқтығымен күрес жүзеге асырылып, деректерді сақтау Конституциялық тұрғыда жақсы қорғалатын болады.
Конституциялық реформаның негізгі жаңалықтарының қатарында кеңейтілген өкілеттіктерге ие 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент-Құрылтай мен Қазақстанның Халық Кеңесі атты жалпыұлттық диалог платформасының құрылуы, партиялардың жауапкершілігін арттыратын пропорционалды сайлау жүйесі мен вице-президент институтының енгізілуі, адвокатура, зияткерлік меншік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нақты конституциялық кепілдіктердің бекітілуі секілді оң ерекшеліктер бар. Бұл өзгерістердің барлығы – заңның үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және қоғамдағы әділеттілікті орнықтыруға бағытталған.
Ел болашағының баянды болуы – сол елдің білім жүйесінің сапасы мен ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Конституцияның жаңа жобасының 33-бабында мемлекеттің білім саласындағы жауапкершілігі нақты көрсетілген. Онда әрбір азаматтың тегін орта білім алуға құқығы мен бұл білімнің міндеттілігі айқын жазылған. Бұл кез келген баланың, оның әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуына мемлекет тарапынан берілген мызғымас кепілдік. Сонымен қатар, азаматтарымыздың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін білім алу құқығының сақталуы дарынды жастардың өз әлеуетін іске асыруына даңғыл жол ашады. Бұл нормалар білімнің тек жеке тұлғаның игілігі емес, жалпыұлттық құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Демек, жаңаланған Конституция — бұл әділетті Қазақстанның және сапалы білімнің алтын діңгегі. Қорыта айтқанда Ата Заңдағы бұл өзгерістер уақыт талабына сай жасалып отыр. 1995 жылы қабылданған Конституция өз деңгейінде құқықтық мемлекет болып қалыптасуымызға өз үлесін қосты. Енді соның 84 пайызы жаңарып, заманға сай жаңа баптар мен тармақтар енгізілуде. Мұның бәрі кездейсоқ өзгерістер емес, жүйелі жаңғыру екендігі анық. Ендеше, жаңа өзгеріс еліміз үшін қайырлы да, берекелі болғай. Осы ұлы істе бірлесе еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз, - деді ол.

Ал, ардагер-журналист, «Аtyraý» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұрлан Қабылов жаңа Конституция жобасы талқылана бастағаннан бері ел көкейінде Конституцияны өзгерту неге керек болды деген сұрақ үнемі қойылып отыратынын айтып өтті.
– Шындығынды, Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасы кейбір сыншылар айтып жүргеніндей, соңғы бір-екі айдың төңірегінде қолға алынған шаруа емес, - деді ол. – Бұл біраз жылдардан бері халық арасында жиі сөз болып, дер уақытында жүзеге аса бастаған іс еді. Мысалы, Қазақстанның Халық Ассамблеясы, қол палаталы Парламенттің өз миссиясын әлдеқашан аяқтағаны, сайлау жүйесін өзгерту жөнінде көптен әңгіме болып жүргені рас еді. Оған қоса бұрынғы Ата Заңда тәуелсіз елді қалыптастыруға басым бағыт берілді. Енді бүкіл әлем танып, өз жолын таңдап, дамыған елу елдің қатарына енген Қазақстанның алдында жаңа мндеттер пайда болды.
Біріншіден, әлем өзгеріп, цифрлық даму, жасанды интеллект өмірге дендеп ене бастады. Бұл ел алдында жаңа саланың жауапкершілігін алға шығарды. Екіншіден, экономиканы жетілдіруде қалыптасқан ескі тәртіп алға жылжуға кедергі келтіре бастады. Үшіншіден, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларда да жүйені қайта құру, оны халықтың сұранысы мен қажетіне қарай жақындату маңызға ие болды.
Кейбір әсіре демократтар Ата Заңдағы өзгерістерді Президент билікті бір қолға ұстау үшін жасап жатыр деп айтып жүргені рас. Шын мәнінде Президент суперпрезиденттіктен де, билікті бір уыста ұстайтын жүйеден де, партиядан да әлдеқашан бас тартқан. Президент енді бір-ақ рет жеті жылға сайланатын болды, әрі Президенттің туыстары мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуіне тыйым салды. Президент өз өкілеттігін шектеп, биліктің басқа тармақтарының рөлін арттыруға күш салып жатыр. Енді елді бұрынғыдай отбасымен басқаруға қатаң тыйым салынып, қазіргі заманға лайықты жас адамдарға жол ашылды. Осының бәрін көзі ашық, көкірегі ояу адамдар күн сайын сезініп, жүргізіліп отырған бастамаларға қолдау білдіруде.
Конституциядағы жаңалықтың маңыздысы Құрылтайдың құрылуы болып отыр. Болашақта Құрылтайдың құзыреті барынша кеңейтілетін болды. Егер үкімет дұрыс жұмыс істемесе, оны отставкаға жіберу туралы талап қоя алады, ол заң шығарумен ғана емес, бюджеттің орындалуын бақылап, үкімет жұмысын қатаң қадағалауға алады.
Вице-президент институтын енгізу де биліктің сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады. Мысалы, Президент те ет пен сүйектен жаратылған адам ғой, кездейсоқ өз міндетін атқара алмайтын жағдай туса, вице-президент елдің басшысыз қалмауына, тұрақтылықтың сақталуына, дағдарыстың алдын алуына себеп болады.
Ата Заңда халқымыздың ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлері мен салты да ұмыт қалмаған. Мысалы, бала отбасында ата-анасын қақморлауға көмектесуге міндетті екені айтылған. Сонымен қатар, бұрынғы Конституцияда нақтыланбаған ер мен әйелдің некесі туралы анық жазылған. Бұл жас ұрпақты кейбір елдерде етек алған азғындықтан, ұлтымыздың дәстүрінде жоқ нәрселерден сақтауға жол ашады.
Әрине, маған ардагер журналист ретінде тіл туралы жазылған бап ерекше қызығушылық туғызғаны рас. Бірақ, заңгерлер мен осы саланы зерттеген ғалымдардың пікірлерін тыңдай отырып, аталған бапқа қолдау білдіріп отырмын. Себебі, бізідң елдегі сияқты мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді басқа тілдермен қатар пайдалану көптеген елдерде бұрыннан бар тәжірибе екен. Екіншіден, соңғы жылдары қазақ тілінің барлық салада, барлық аймақта қарқынды дамуы оның болашағына деген күдікті сейілтеді. Үшіншіден, жасанды интеллектінің, цифрландырудың дамуы жастардан білімді, оның ішінде көптілді білуді қажет етеді. Төртіншіден, геосаяси жағдайдың өте шиеленіскен сәтінде бізге тұрақтылық пен тыныштықты сақтау өте маңызды екенін әрбір адам білу тиіс. Қазір кейбір елдерде тіл емес, қара басын сақтау мұңға айналғаны бізге сабақ болса игі.
Конституцияда біздің еліміздің мың жылдық тарихы бар, унитарлы, шекарасы мызғымайтын, біртұтас мемлекет екенінің атап айтылуының астарында бұрын айтылмаған үлкен мағына бар. Бұл елдің тарихы 1930 жылдардан немесе тәуелсіздік алғаннан басталды деп жүргендердің негізсіз айтқан әңгімелеріне тоқтау салары хақ.
Сонымен қатар, Ата Заңда Құрылтайды мемелкеттік тілді жетік меңгерген адам ғана басқаратыны, бас прокурордың бір-ақ рет тағайындалатыны, зияткерлік меншіктің қорғалатыны туралы да жазылған. Сондай-ақ, ассамблеяның орнына құрылған Халық кеңесі енді бұрынғыдай ұлт өкілдерінің мәдени шараларымен емес, халықты толғандырған мәселелерді билікке ұсынатын маңызды консультативті органға айналады. Сөз соңында айтарым, рефрендумға бәріміз бір кісідей қатысып, өз таңдауымызды жасайық. Себебі, ол – бізге ғана емес, біздің ұрпағымызға да ұзақ жылдар қызмет ететін ұлағаты мол маңызды құжат.

Жиын қорытындысы бойынша І конференцияның қарары қабылданды. Қарарда Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасын қолдау, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысу, өңір тұрғындарын ел болашағы үшін жауапты шешім қабылдауға шақыру мәселелері қамтылды.
Сонымен қатар, құжатта өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейту, ресми басылымдардың тұрақты таралымын сақтау, ақпараттың ауыл-аймақтарға дер кезінде жетуін қамтамасыз ету, пошта бөлімшелерінің жұмысын жандандыру және жергілікті басылымдардың қолжетімділігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Конференцияның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын кеңінен түсіндіру, қоғамда әділеттілік қағидаттарын нығайту және азаматтарды алдағы референдумға белсенді қатысуға үндеу.
