Атырауда «Asar Ume» қайырымдылық қоры 3 жылда 20 баспана сыйлады

«Asar Ume» республикалық қайырымдылық қорының Атырау облысындағы еріктілері соңғы үш жылда 20 отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Бұл туралы қордың Атырау облысы бойынша өкілі, модератор Дамир Амангелдиев айтты. Дамир Амангелдиев – 2019 жылдан бері «Аmanat_foundation» еріктілер тобының жетекшісі. 2020 жылдан бастап «Asar Ume» республикалық қайырымдылық қорына Атырау облысы бойынша жетекшілік етіп жүр. Жанында жиырма шақты ерікті жас бар.

«Мұқтаж отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек апарып, қаржылай көмектесеміз. Пандемия кезінде ауруханаларға ИВЛ аппараттарын жеткіздік. Балалар үйлері мен оңалту орталықтарында көптеген іс-шаралар ұйымдастырдық. Атыраудағы тұрмысы нашар, баспанасы жоқ жиырма отбасыға баспана алып бердік. Үйді тамыр-таныс арқылы кез-келгенге емес, әлеуметтік жағдайы расында нашар,  шын мұқтаж жанұяларға береміз. Арнайы бекітілген шарттар бойынша алдын ала зерттеп, тексереміз», – дейді Дамир Амангелдиев.

Қайырымдылық қорының Атыраудағы өкілінің айтуынша, алдағы аптада қордың демеушілігімен Құрманғазы және Қызылқоға ауданының екі отбасына тағы екі баспана табысталады. Сондай-ақ, Атырауда кең көлемде қайырымдылық кешін өткізуді де жоспарлаған. Олардың бұл ізгі істерін облыс әкімінің орынбасары мен өңірдің белгілі меценаттары да қолдап отыр.

«Asar Ume» республикалық қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға баспана сыйлаумен шектелмейді, әлеуметтік жағынан осал жанұялардың балдарын жан-жақты дамытып, оқуына жағдай жасайды. Бизнеске икемдеп, кәсіп ашуына көмектеседі.

Қордың «Өркендеу» бағыты бойынша биыл тамыз айында республикалық «Кең жүрек, мың бала» атты жоба жүзеге асады. Ел бойынша шын мұқтаж отбасылардан 80 бала таңдап алынып, олар финанс, психология бойынша оқытылады.

  Нұргүл НАСЫР