«Асантемір – Атырауда». «Атырау – Ақпаратта» Асантемір ақынмен кездесу өтті

«Атырау – Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, оралдық ақын Асантемір Қаршығаұлымен кездесу өтті» деп хабарлайды ATPress.kz.

Жақында ғана 40 жасқа толған ақын мерейлі сәтінде өзі ұстаз тұтатын аға-апалары, замандас, інілерімен жүздесті. «Асантемір – Атырауда» деп аталатын еркін форматтағы шарада ақын өлеңдерін оқып, жиылғандарға жылы лебізін арнады. 
- «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі баспасөз бен ақпарат құралдарның ғана емес, жалпы зиялы қауымның бір орталығы іспетті қара шаңырақ десек, артық айтқандық емес. Сондықтан да Асантемір ініміздің 40 жасқа толуына орай өтіп жатқан кездесудің біз үшін маңызы ерекше, - деген «Атырау – Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов ақынға ақ тілегін арнап, медиахолдингтің бас директоры Жасын Ерсінұлының  Алғыс хатын табыстады.  
Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалы төрағасы Қойшығұл Жылқышиев інісіне арнау жырын ала келіпті. Ардагер журналист Өтепберген Әлімгереев, ақын Гүлзада Ниетқалиева мен Нұрым Ерғалиев те ізгі ниетін білдіріп, ақынға шығармашылық табыс тіледі. 
- Жетістігіме қуанып, басымынан сипап, арқамнан қағып тұратын, кем-кетігімді де жасырмай айтып, жанашырлық қылатын сіздердің болғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Алдыңғы толқын кейінгі буынды жетелей жүрсе, сөйтіп өлеңдегі, өнердегі сабақтастық үзілмесе деген тілек бар, - деді Асантемір Қаршығаұлы. 
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында ақынның шығармашылық кеші өтіп, онда «Шідерлі шер» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Бұған дейін оның «Тәңірге хат» деген өлеңдер топтамасы жырық көрген болатын.