Араб компаниясы 50 мүгедек балаға сертификат таратты

Құрбан айт мерекесінің құрметіне «Consolidated Contractors Company» ЖШС мүмкіндігі шектеулі 50 балаға көмек ретінде сертификат таратты.

«Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Балықшы аймақтық филиалында  «Consolidated Contractors Company» ЖШС өкілдері мүмкіндігі шектеулі балаларды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, әрқайсысына 10 мың теңгенің азық-түлік сертификатын табыстады. Ал келе алмағандар мен төсек тартып жатқандардың  үйіне арнайы барып шықты.

«Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Балықшы аймақтық филиалының төрайымы Әмина Нысанғалиеваның айтуынша, бұл компания 2018 жылдан бері тұрақты түрде материалдық көмек көрсетіп келеді. Олар барлық мерекелер қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін көтеріп, демеп келеді.

Сонымен қатар, Құрбан айт мерекесінде "JM CAPITAL" Холдингі, орталық «Иманғали» және «Құспан молда» мешіттерінің қызметкерлері мүгедектер қоғамының Балықшы аймақтық филиалы құрамындағыларға  құрбандық етін таратты.

Айта кетейік, «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Балықшы аймақтық филиалында  962 мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, соның 354-і балалар.