Апатты үй тұрғындарының әр күні үрейге толы

Атыраудағы Стаханов 3 «А» көшесіндегі екі қабатты үй құлауға шақ тұр. Тұрғындар «бүгін не ертең құлап қалар ма екен?» деген үреймен өмір сүріп келеді.

Бұл үйдің тұрғындары әр таңына шүкіршілік айтып оянады. Өйткені  олардың үйі әбден тозған. 1956 жылы салынған екі қабатты үйдің сырты да, іші де жыларман халде. Мәселен, баспананың ішіне кірген кезде қабырғалардың қақырап тұрғанын көресіз. Тіпті кей жерлері ойдым-ойдым болып түсіп те қалған.


Үйге кіргенімізде құдды қазір опырылып қалатындай күй кештік. Едендері сықырлап, баспалдақтары қисайып кеткен. Ал төбесі бүгін не ертең  құлағалы  тұр.  
Осы үйдің тұрғыны Людмила Сангинова бұл үй 1980 жылы апатты деп танылғанын айтты. Содан бері жаңа пәтерді армандаумен келеді екен.  


-Үйдің сыртқы сылағы жаңбыр жауған соң түсіп қалады. Оны біз қайта сылап, жамаймыз. Сыртқы сиқы осындай.  Әйтеуір, жертөлеміздің іші құрғақ. Әйтпесе, жығылған үстіне жұдырық болып, жағымсыз иіс те мүңкіп тұрар ма еді? Баспанамыз қашан құлап қалады деген қорқынышпен өмір сүріп келеміз. Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи көктемде біздің жағдайымызды өз көзімен көріп кетті. Бүгінде құрғақ уәдеге тойып отырмыз, - дейді ол. 


Айнагүл Сұлтанова «біздің жанайқайымызды еститін құлақ бар ма?» деп ашынады. 
-Менің асүймнің қабырғасы жарылып, күннен күнге ондағы сызат үлкейіп келеді. Оны қайта-қайта сылап, ақтап отырамын. Үйімізге кіріп-шыққан сайын басымызға төбеден бірнәрсе түсіп кетпейді ме деп алақ-жұлақ етіп кіреміз. Егер шаңырағымыз құласа, біз шығып үлгермейміз, - дейді А.Сұлтанова. 


Бұл үйдің тұрғындары әркез берілетін уәдеге тойып отыр. Олар  үшін жаңа пәтер алу арманға айналған сыңайлы.  
Атырау қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевтің айтуынша, қазір тұрғын үй салумен айналысатын жекеменшік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Егер білек сыбана кірісетін компания анықталса, онда апатты ғимарат сүріліп,  орнына жаңа көпқабатты үй бой көтереді.  Сөйтіп  осы жерден салынған жаңа үйден 8 отбасыға пәтер берілмек. 
Сәтпаев көшесі, 4 «А» мекенжайындағы бес қабатты жатақхананың да тоз-тозы шыққан. Үйге кірген бетте-ақ, қолқаны қабатын  иіс мүңкіп тұр.

Жертөленің жағдайы адам көргісіз.  Маса көп. Ал подъездің іші қараусыз қалған. Тек бірінші қабат  тұрғындары ғана аздап ретке келтіріп  алған екен. 
Бұл жатақхананың іргетасы 1983 жылы қаланған. Онда 75 отбасы тұрып жатыр. Көбінде жалғызілікті зейнеткерлер, мүгедектер мен жалға алушылар тұрады.
 Мұндағылар жаңбыр жауған сайын жанын шүберекке түйіп отырады. Өйткені төбеден кеткен су сылдырап ағып, 3, 4 қабаттарға өтеді екен. Соның салдарынан үйдің ішінен дымқыл иіс шығып тұр. Тіпті электр жарығын қосу қауіпті. Ал қабырғалар көгеріп, кей тұстары ісініп, түсіп жатыр.   
Әсия апай  бесінші қабатта тұрады. Төбеден су жиі кетіп, әбден зәрезап болған. Енді оны жабу үшін әр пәтерден  170 мың 500 теңге жиналуы қажет. 
-Оны тұрғындар жинап бере алмайды. Бірінші қабаттағылар шатырдың бізге қатысы жоқ дейді. Бізге әкімдік тарапы шатырды жабуға көмектессе, жертөлені өзіміз жөндер едік.  Немесе модернизацияға ілінсек жақсы болар еді, - дейді Әсия апай. 


Осыдан 15 жыл бұрын жатақханада өрт шығып, екі қыз қайтыс болған екен. Сонда шатырға шығатын баспалдақтың пайдасы тиіп, өрт  сөндірілген. Ал енді беті аулақ, осындай оқиға бола қалса, ол баспалдақ та жоқ. Өйткені тұрғындар ол аумақты қоршап, қосымша бөлме жасап алған.  Бесінші қабаттағы тұсы әрдайым ашық болғандықтан, онда еріккеннің барлығы кіріп, білгенін істейді екен. Қазір іші қоқысқа толы. Сондықтан Әсия апай көршілерімен ақылдасып, оның есігіне құлып салды. 
Атырау қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевтің айтуынша, бұл жатақхана апатты деп танылмаған.  Модернизация жасау үшін, тұрғындардың 70 пайызы келісім беріп, пәтер иелері кооперативі құрылуы тиіс.  Ал ондағылардың басым бөлігі  «үйіміз апатты жағдайда, болашақта жаңа пәтерге ие боламыз» деген нық сеніммен қолдарын қусырып отыр.
Айта кетейік, Атырау қаласында 86 апатты тұрғын үй бар.