Атыраудың қақ ортасында 125 жыл бұрын іргесі қаланған үй апатты жағдайда. Алайда ол не бұзылмай, не ондағы отбасыға жаңа баспана берілмей отыр.
Қаладағы М.Исенов атындағы №28 үй құлауға шақ тұр. Ең қорқыныштысы сол - қазір онда көпбалалы отбасы амалдап тұрып жатыр. Ғасырдан көп уақыт бұрын салынған үйдің әбден тозығы жеткен. Үйдің иесі Эльмира Мұханованың айтуынша, бұл баспананы 1897 жылы сауда-саттықпен айналысқан орыс көпесі салған екен. Ал Эльмираға бұл үй нағашыларынан мұраға қалған. Оның туыстары бұл үйді 70 жыл бұрын сатып алған. Бірақ қазір онда тұру мүмкін емес. Үйдің қабырғалары әбден қақырап, шатыры құлауға шақ тұр.
Жалғызілікті ана отбасының қауіпсіздігін ойлағандықтан, басқа үйді жалдап тұруға мәжбүр. Осыдан 7 жыл бұрын Э.Мұханова үйін арнайы сараптамадан өткізген кезде, апатты деп танылды.
Үйдің қабырғасы ағаштан тұрғызылған, бүгінде шіріп тұр. Едені жарты метрге отырған. Сондықтан әр жауын-шашын сайын үйдің ішін су басады. Ол аз десеңіз, шатырдан да су кетеді. Сырты да оңып тұрған жоқ. Тоз-тозы шыққан.
-Біз осы үйде туып-өстік. Үйді нағашы атамның анасы алған кезінде. Солардан мұра болып маған қалды. Алайда бұл үйде тұруға қорқамын. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Балаларымның өмірі үшін алаңдағандықтан, басқа пәтер жалдап отырмын. Үйім қаңырап бос қалған кезде әлдебіреулер терезесін сындырып кетті. Қаңғыған ит пен мысықтың мекеніне айнала жаздады. Баспананың сырты қоршалмағандықтан, ертең кім көрінген кіріп ала ма деп тағы қорықтым. Сондықтан таныстарымның өтініші бойынша барар жері, басар тауы жоқ жас отбасыны кіргізуге мәжбүр болдым, - дейді Э.Мұханова.
Қазір апатты үйде уақытша тұрып жатқан Диляра Мұратова үйін пешпен жылытады. Дегенмен, қыс ауасында үйдің іші салқын болады екен. Көгілдір отын мен жарық болғанымен, су жоқ. Оны СМП жақтағы таныстарының үйінен тасиды. Бір әкелгендегі 500 литр су 2-3 күнге әрең жетеді. Соған жуынып-шайынады, тамағын пісіреді және кірін жуады. Әр тамшы суды барынша үнемдеуге тырысады.
Қазір үйдің шатыры бір жаққа қисайып құлағалы тұр. Э.Мұханова баспана апатты деп танылған соң үй кезегіне де тұрды. Жалғызілікті ананың үйді бұзып, орнына жаңа үй тұрғызатын шамасы жоқ.
Атырау қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевтің айтуынша, Эльмира Мұханова үй кезегінде 28-ші болып тұр. Баспана жаңа тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған кезде беріледі. Мерзімі нақтыланбайды. Ал үйдің қашан бұзылатыны әзірге белгсіз.
Жалпы, Атырау қаласында 86 апатты тұрғын үй бар, яғни 1500 пәтер тұруға жарамсыз деп танылған. Оларды сүріп, тұрғындарды көшіру үшін бюджеттен 40 млрд теңге қажет. Сүрілетін үйлердің басым көпшілігі Баймұханов, Әуезов, Сырым Датов көшелерінің және Азаттық даңғылының бойында орналасқан екен.