"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды", -деп толғаған ақын Қайрат Жұмағалиев ағамыз айтқандай, расында анамызға үп- үлкен болсақ та әлі күнге еркелеп, қалжыңдап, қыдырып демалысқа келгенде бір арқа- жарқа боп қалатынымыз жасырын емес.
Ал, менің алтын құрсақты анам Сания Қайырғалиқызы бар ғұмырын медицинаға арнаған "Денсаулық сақтау саласының үздігі" құрметті төсбелгісінің иегері, 40 жылдан астам уақыт бойына бір аурухананың перзентханасында тапжылмай адал еңбек етіп, зейнетке шыққан, ауылының құрметті азаматшасы және сол мекеннің жарым көпшілігінің кіндігін кескен "кіндік мама", яғни жоғары санатты акушер, әлі күнге тың, шүкір Аллаға бақуатты. Бала кезімізде талай қызықтар орын алатын ( басқа постта болады) мама 20 жыл 7 шақырым жерге жаяу барып- келіп, өз отбасы мен балапандары үшін қыстыкүнгі боранда да, шыжыған ыстыққа да төтеп беріп, бір қыңқ деместен жұмысынан қалмай бәрімізді қанаттандырды, жеткізді, әрине менің алтын, сабырлы да салмақты, үнемі жымиып қойып отыратын әкем Серікбай Теменұлымен.
Ее, өмір- ай, әкесінің мойнына асылып, ерекше еркелеп өскен, "өзімнің қызым тимеңдер, әй Ләкөш келе жатырсың ба, күтіп отырмын", - деп үнемі мейірлене аулада мені оқушы кезімде сабақтан, кейін ұстаздық қызметке алғаш орналасқан жылдары жұмыстан күтіп отыратын. Өмір бар жерде өлім де бар, өкінішке орай менің асыл әкем 52 жасында жүрек талмасынан кенеттен өмірден озды. Дәл сол сәтте анамыз жұмыста болып, адамнан адам шығып жатырған жауапты сәтті де, асыл жарының қысылып жатырғандығын біле тұра жедел жәрдемді үйге жіберіп, мамандығына деген адалдығын дәлелдеп, аман- сау жарық дүниеге торсықтай ұлдың келуіне себепші болды, бірақ... асыл жары жедел жәрдем көлігінде Раббысына қайтқанын білмеген еді. Бір қызығы, әлгі дүниеге келген ұл мен әкемнің соңғы демінің үзілген сәті бір уақытта , бір сәтте болған екен... Сабыр еттік, бұл өлімнің біз үшін ғибрат екендігін ал мынау қызылды- жасылды фәнидің жалған, hәм уақытша екендігін, бәріміздің де барар мәңгілік тұрағымыз екенін түйсіндік, иманының жолдас болуын, рухын шат- шадыман қылуын сұрап дұға қылдық.
Бүгін - Аналар күні мерекесі!
Қымбатты менің Анашым!
Сізге деген алғысым мен сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіз маған өмір сыйлап қана қоймай, әр сәтіме шуағыңызды шаштыңыз. Сіздің жылы құшағыңыз — менің ең үлкен қорғаным, ақыл-кеңесіңіз — өмірлік бағдаршамым.
Аналар күнімен, Анашым!
Сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық, шаттық пен қуаныш тілеймін!
Сіз менің жүрегімдесіз!
Ляззат Дюсенбаева, №76 Л. Шахатов атындағы орта мектептің директоры, Атырау облысы, Мақат ауданы