Атырау облысы Исатай ауданында тұратын көпбалалы ана Эльвира Нұрсұлтанова - ерекше бала тәрбиелей отырып, өз кәсібін бастаған аналардың бірі.
Бірнеше жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың өмірі 2013 жылы күрт өзгерді. Туабітті құлақ мүкістігімен дүниеге келген баласына қарайлаған ана мектептегі жұмысын тастауға да мəжбүр болды.
Бастапқыда макияж курсын меңгеріп, сол салада еңбек етуді ұйғарған екен. Жұмыс режиміне бола қызыққанмен, бұл кəсіп өзіне қол еместігін бірден түсінеді. Сөйтіп жүріп, оқу орталығын ашуға бекінеді. Өзі сол салада еңбек еткен, балалармен жұмыс жасау тəжірибесі бар, ақыры тəуекелге бел буады. Аққыстау ауылындағы «Парасат» оқу орталығының ашылғанына 5-6 жыл болған.
– Əуелі сол кездегі басшысы Əсемгүл Темірболатқызымен бірге жұмыс жасадым. Содан кейін өзіме аударуға оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып, оқу орталығының директоры атандым, – дейді ол.
– 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 583400 теңгеге оқу орталығына қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Мектепке дайындық, ментальды арифметика, тілді дамыту үшін жылдамдыққа оқу, жазу каллиграфиясын қалыптастыру сынды машықтарға баулимын. Алдағы уақытта кəсібімді кеңейтіп, қосымша маман алу, облыс орталығынан ашу туралы жоспарларым бар, – дейді Эльвира Нұрсұлтанқызы. Қазір оқу орталығы ғимаратты жалға алып, жұмыс жүргізуде. 30-ға жуық бала келіп, оқиды.
– Бұл – кəсіби жетістігіме қатысты жоспарларым. Ал, аналық арманым – баламның ауруынан айығуы. Алайда, туабітті ауруды жеңу оңай емес. Үндістанда күрделі ота жасап, оң көрсеткішке ие болғандарды естіп, біліп отырмыз. Бірақ, қолымыздың қысқалығы себепті, əзірге ол жаққа бара алмаймыз, – деді ана.