АМӨЗ-де механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың I кезеңі аяқталды

Атырау мұнай өңдеу зауытында «Tazalyq» жобасы аясындағы жабық типтегі ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың  I кезеңі аяқталды. АМӨЗ-дің қоғамдық экологиялық кеңесінің мүшелері құрылыс жұмыстарының нәтижелері және II кезеңнің жүру барысымен  танысты.

 Жаңғыртудың I кезеңінде иістердің көзі саналатын ашық бассейндер, атап айтқанда, жалпы ауданы 4752м2 құрайтын қосымша тұнба тоғандары мен ескі мұнайбөлгішті демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ механикалық сусыздандыру ғимараты, мұнай шламдарына арналған резервуарлар, екі сорғы станциясы, құм ұстағышы бар тұндырғыш, трансформаторлық қосалқы станция және көбікпен сөндіру блогы салынды.

Жабық типтегі механикалық тазарту қондырғыларының құрылысы аясында ағынды суларды сапалы тазартуды қамтамасыз ететін және зиянды заттардың атмосфераға таралуын азайтуға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық процестер мен шығарындыларды бақылау жүйесі енгізілді.

 Жаңғыртылған механикалық тазарту қондырғылары іске қосылған соң ағынды суларды шығындау және биологиялық тазарту қондырғысындағы (БТҚ) ластаушы заттардың мөлшері мен мұнай шламдарын өңдеу процесі тұрақталды, өңдеуге кері қайтарылатын тауарлық мұнай өнімдерінің көлемі ұлғайтылды.

Бүгінгі таңда механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың ІІ кезеңі шеңберінде ағынды суларды орташалау және флотация блоктарын салу жұмыстары жалғасуда. Аталған нысандарды іске қосу 2023 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.           

  Еске сала кетейік,  Атырау мұнай өңдеу зауыты 2019 жылдан бері қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Tazalyq» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудан бөлек, нормативтік-тазартылған ағынды су каналын реконструкциялау және «АМӨЗ» ЖШС-нің булану алқаптарын рекультивациялау жұмыстары қарастырылған. Экожоба толықтай 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.