«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалына жаңа төраға сайланды

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Алқалы жиынға партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек арнайы іссапармен қатысты.

Конференция барысында облыстық филиал төрағасы лауазымына ашық дауыс беру арқылы Бейбіт Мырзағалиев сайланды. Бұл шешім делегаттардың жаңа басшыға білдірген сенімі мен қолдауының айғағы болды.

Жиында сөз сөйлеген Бейбіт Темірбекұлы партия ардагерлеріне, делегаттар мен партия активіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды атап өтті.

«AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың сенімін нақты іспен ақтау. Өңірде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту, сайлауалды бағдарламаның әр тармағын сапалы орындау, азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел жауап беру – негізгі міндетіміз. Барша партияластарды ортақ мақсат жолында бірлесіп еңбек етуге шақырамын», – деді ол.

Жиын қорытындысында партияның алдағы жұмыс жоспары нақтыланып, бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттыру, халықпен кері байланысты күшейту және өңірлік сайлауалды бағдарламаның толық орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер белгіленді.