АМӨЗ: Жас мамандар кеңесіне – 10 жыл! (+ФОТО)

Атыраудың атын аспандатқан осындағы мұнай өңдеу зауыты туралы айтқанда, әдетте «қара алтыннан» жасалатын небір өнімдер ойға оралары анық. Ондағы қызметкерлер де тек мұнай өңдеумен ғана айналысады деп ойлаймыз бәріміз. Бірақ, біз кезекті репортаж барысында әлемге әйгілі кәсіпорында көп жылдан бері Жас мамандар кеңесі жұмыс жасап келе жатқанын білгенде, таңқалысымызды жасыра алмадық. Биыл бұл кеңестің құрылғанына да тура 10 жыл толып отыр екен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы орайда, біз зауытқа аяқтай барып, Жас мамандар кеңесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Бізді күлімдеп қарсы алған бойжеткеннен аты-жөнін сұрағанда, ол өзін атап көрсетпеуді өтінді. Неге дегенімізде, ол «біріміз – бәріміз, ал бәріміз – біріміз үшін» деген ұранды алға тастады. Яғни, кеңес құрамындағы жиырма жастың бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген қыз-жігіттер екенін еске салып тұрғаны ғой. Біз бұдан бәрі де бірдей еңбек етіп, зауыттың қоғамдық-мәдени өмірін жандандыруға атсалысып жүрген жандар екенін түсінгендей болдық. Ендеше, сөз тізгінін де тікелей өздеріне бергенді жөн санап отырмыз...

– Адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы – жақсылық, - дейді олар бірауыздан. – Жақсылық күллі тіршіліктің тұтқасы сияқты. Бұл дүниені жақсылық билесе, мейірбан жандар қатары артып, зұлымдық азайып, әлем гүлденеді! Адамгершілік, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді бойына сіңдірген, әр ісіне ұқыптылықпен қарап, әр жаратылысқа қамқорлық көрсетіп, жақсылық жаалуын биік ұстаған адам ғана әлемді құтқара алады! Өмірге келген әр адам баласы осы қағиданы ұмытпай, айналаға шуақ шашып, мейірім төгуді басты міндет деп санаса болғаны.

Қазақ атамыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекерге айтпаса керек. Тәрбиені – ту, білімді – қару еткен жастар елдің шамшырағы, жарқын болашағы іспеттес. Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр-намыстың символы болған. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына нық қадам бастайды.

Саналы жастар сапалы жұмыс атқаратыны сөзсіз. Өйткені, өмірдегі жақсы адам, қызметте де жақсы маман болатыны белгілі. Өндіріспен қатар өркендеуді де өмірде бірге алып жүретін жалынды жастар қауымы біздің ортада да баршылық. Жұмысын сүйетін, елі үшін күйетін жастарымыз – қазіргі күннің батырлары!

Қазақ елінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан мұнайлы астанамыздың қарашаңырағы Атырау мұнай өңдеу зауытында осы бір топ жастарымыз үлкен жұмыстарды атқарып келеді. Жас мамандарға қарқынды жұмыс атқаруы үшін үлкен қолдауды жұмыс орнымыз әркез көрсетіп келеді. Мұнай өндіріп, оның өнімдерін өңдеп қана қоймай, адамзатқа тигізер біршама пайдалы дүниелермен де айналысып, көпке пайдасын тигізіп келетін зауытымыздың жақсы тұстары жетерлік!

Сондай-ақ, жыл сайынғы кәсіби біліктілікті көтеретін әртүрлі семинарларға қатысып, білімімізді арттыратын мүмкіндіктерді де зауыт қызметкерлеріне қарастырылып қойған. Түрлі шаралар мен жарыстарға да белсенді қатысуға қолдау мен көмек беріліп келеді. Қоғамдық өмірдегі белсенділікті де назардан тыс қалдырмауға тырысады. Экологиямызды қадағалау, табиғатымызды аялау мақсатында сенбіліктер ұйымдастырады.

Тек ол ғана емес жұмысшылардың жақсылығы, бір бригаданың ауызбіршілігі, ұжымдастардың ұйымшылдығы бәрі-бәрі осы мекемеде. Адал еңбекпен келген ақша, маңдай термен тапқан нәпақа да осында! Үлкеннің кішіге ізеті мен кішінің үлкенге құрметі де осы ордада. Ең бастысы, оқығаның мен тоқығаның және еңбегіңнің жемісі тоғысқан орта бұл. Зауытымыз әр мереке сайын көпшілікке қызмет, халыққа нығмет көрсетіп келеді.

Осындай ортақ жұмыстарды атқаруға зауыттың бір топ жастарынан құралған Жас мамандар кеңесі де көмегін аямайды. Жастар ісі кеңесі ең алғаш 2014 жылы құрылды. Ал, 2018 жылы атауы «Жас мамандар кеңесі» деп өзгертілді. 2024 жылды қоса алғанда 35 жасқа дейінгі 1074 жас маман зауытта қызмет етеді. Бұл жалпы жұмысшылардың 42%-ын құрайды. Бұл дегеніміз біршама ойы ұшқыр, мақсаты айқын жастардан құралған, қоғамға пайдалы ісімен, зауытқа тигізер көмегімен, креативті идеяларды ортаға салып, жүзеге асыратын, уақытын пайдалы әрі тиімді өткізетін ОРТА.

Әр мерекені ескерусіз қалдырмай, түрлі шараларды, қайырымдылық акцияларды ұйымдастырып, бір үйдің баласындай жұмылып жасай білетін жалынды жастар құрамы! Біреулер ойлағандай осы үшін қосымша жалақыға ақша қосылмайды. Еңбек өлшеусіз! Десе де, жақын достар, есте қалар сәттер, әдемі естеліктер жинай білдік. Әр шараны өткізіп болғаннан кейінгі эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес! Осының барлығы ортамыздың ұйытқысы болған АМӨЗ ұжымының үлкен қолдауымен жүзеге асты!

Атап айтатын болсақ, Қарттар күнінде асыл қазыналарымыз - қарттарымызға көңіл бөліп,  жағдайын біліп, көмек береді. Жеңіс күні, 8 наурыз, балалар күні - бәрінде де ескерусіз қалдырмайды! Сондай-ақ, бірнеше қайырымдылық шараларын да атқарып келеді. Әр жыл сайын Рамазан айында сауапты істерді жасауды дәстүрге айналдырған зауытымыз көптің алғысын алды. Күні кеше өткен балалар күні мерекесіне орай да бірнеше балапанның қуануына себепкер болды!  Оның ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларды, ерекше баласы бар аналарды,  сонымен қатар “Шаңырақ” балалар үйі тәрбиенушілерін де ескерусіз қалдырмады.

Жақсылық жасауда жан салмайтын, жомарт жандарымыз – зауыт қызметкерлері осы балапандарды қуанту үшін барын салды. Сауапты қадам бастамасын Жас мамандар кеңесі қолға алды. Зауыттықтар арасында ақылы түрде “Quiz” интеллектуалдық ойынын ұйымдастырып, кейін арнайы "сбор" ашып, түскен барлық қаражатты балапандарға арнады. Сондай-ақ, зауыт алдына ақ жәшік қойылып, балаларға керек-жарақ пен бірнеше сыйлықтар салынды. Кең жүректі жұмысшылардың ауызбіршілігі мен зауыт басшылығы арқасында 2 млн 215 мың теңге қаражат жиналды. Толық жиналған қаражатқа арнайы таңдалған, әкімшілік тізімін берген 10 отбасыға жұмсақ ойыншықтар, конструкторлар, әр балапанға аяқкиім, күнделікті киім, сырт киімдер, кеңсе тауарлары, сөмкелер, ерекше балапандарымызға арба, арнайы ортопедиялық аяқкиімге сертификат, «Шаңырақ» балалар үйі тәбиеленушілеріне алаңсыз ойнайтын ойын алаңы алынды.

Қазақ атамыз «Берсең, балаға бер» демекші, бала қуанышы қашан да жүректі де, жанды да жылытады. Жүзге еріксіз күлкі мен шаттық сыйлайды. Балалық шақ ең таза, кіршіксіз, қисынсыз кезең. «Бақыт деген – менің бала күндерім» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, балалық әркімнің жадында қызықтармен, көтеріңкі көңіл-күймен, риясыз күлкімен есте қалуы тиіс! Ел ертеңі келешек ұрпақтарымыз аман болып, балапандарымыз алаңсыз балалық шағын өткізсін деген ниетіміз бен тілегіміз бар! Мейірімділік – жүректен, мейірімсіздік – білектен. Жақсылық жасай білейік, әрқашанда ізетпен!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: автор