«Алтынға бергісіз – Алаша»: атыраулық Ғалия Рысқалиева Шымкентте өткен этнофестивальге қатысты

Шымкент қаласында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында 23-24 тамыз күндері өткен «Алтынға бергісіз – Алаша» этнофестивалі мәресіне жетті.

Іс-шараға атыраулық қолөнерші Ғалия Рысқалиева да қатысып, алғыс хатқа ие болды.

Елімізде алғаш рет қолға алынған фестивальдің мақсаты: дәстүрлі қолөнер бұйымдарымен айналысып жүрген еліміздің шартарапыннан келген қолөнер шеберлерінің өнімдерін насихаттау, кеңінен қолданылуына мұрындық болу. Шетелден нарықты жаулап алған түрлі тұрмыстық бұйымдардан гөрі өзіміздің өнімдерге деген қажеттілікті сұранысқа айналдыру.

Этнофестивальге елордадан Мейрамгүл Адахқызы, Атыраудан Ғалия Рысқалиева, Тараздан Салима Усибалиева, Қызылордадан Гүлнар Анапияева, Түркістан өңірінен Мереке Айдарша және жергілікті дәстүрлі қолөнер шеберлері Хаулат Қаржауова, Күлаш Айдарбекова, Мадина Ахметқызы, Гүлмира Серперовалар қатысып, бірінші күні алаша тоқудан шеберлік сабағын өткізді.

 Шеберлер алаша тоқу үшін жіпті иіруден бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін, оюлардың ерекшелігін баяндап берді.

 Екінші күні тәжірибелік семинар өтті. Семинар барысында қолөнершілер ел арасындағы шеберлерден көрген түйгендерін бүгінгі заманғы бағытқа үйлестіре презентациялар жасап, креативті таныстырылымдар  жасады.

Шара соңында қатысушылар тоқыған алаша, басқұрларын орталық қорына тарту етті. Атыраулық шебер Ғалия Рысқалиева жиналған қауымға алаша тоқудың әдістерін көрсетті.

- Фестивальге қатысқаныма қуанып отырмын. Өзім секілді шеберлерді көрдім. Қолымнан шыққан алашаларды көрсеттім. Басқалардың да туындыларын көрп, көзім тойды, көңілім шаттанды. Қазір алаша тоқумен айналысатындар өте аз ғой. Шеберлерді көріп, марқайдым. Мені қатты қуантқаны, алаш тоқумен айналысатын жастар да бар екен. Өзім фестивальге 3 алаша алып келдім. Алаша тоқуға бала кезден құмартып, бүгінгі күнге дейін айналысып, насихаттап келемін. Әжем мен анам бойыма сіңірген өнердің арқасында осындай мағыналы іс-шараларға қатысып, насихаттауға мүмкіндік туды, - дейді Ғалия Рысқалиева.

Көрмеге келген халық экспонаттарды тамашалап, жақсы әсермен тарады.

Іс-шараға қатысқан барлық хас шеберлер  алғыс хаттармен марапатталды.