Алматы-Атырау әуе рейсінде ресейлік дәрігер жолаушының өмірін құтқарды

Астрахандық дәрігер Венера Ерднеева Алматыдан Атырауға бағыт алған ұшақтың қансыраған жолаушысына алғашқы көмек көрсетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Астрахан облысы денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-каналының таратқан ақпараты бойынша, бұл оқиға былтыр қараша айында болған. Дәрігер науқас жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетуін өзінің міндеті санап, бұл жайлы ешкімге тіс жармаған. Алайда Air Astana компаниясы дәрігердің атына алғыс хат жіберген кезде бәрі мәлім болды.

Астрахан клиникалық ауруханасының өнеркәсіптік медицина орталығының меңгерушісі Венера Ерднеева былтыр 4 қарашада отбасымен бірге Алматыдан Атырауға ұшып келе жатқан. Ұшақ көкке көтерілген соң 15 минуттан кейін жолаушылардың біріне шұғыл медициналық көмек қажеттігі туралы хабарланады. Онда 35 жастағы ер кісінің мойнындағы тігістен қатты қан кеткен. Оның ота жасатқаны болжанды. Дәрігер науқастың есін жоғалтпағанын анықтап алады. Бірақ жолаушының орыс тілінде сөйлемеуі және қасында туысының болмауы – медицина қызметкерінің көмек беруін қиындатты.

Бортсеріктер дәрігерге дәрі-дәрмек қобдишасын берген соң алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Венера Эрднеева қан кетуді тоқтатқанымен, науқасқа хирургиялық көмек қажет болды.  

«Атырауға әлі де 3 сағат ұшу керектігін ойлап, қатты қорықтым. Мұндай қан кету кезінде тек хирургиялық әдіспен емдеу қажет. Сондықтан мен стюардессаларға мүмкіндігінше ұшақты қондырып, науқасты дәрігерлерге тапсыру қажеттігін айттым», - деді дәрігер.

Дәрігердің нұсқауы бойынша экипаж шұғыл қону туралы шешім қабылдады. Жарты сағаттан кейін әуе кемесі Шымкентке қонды. Әуежайда ол жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Біршама уақыттан кейін әуекомпания өкілдері Венера Ерднееваға жолаушыға көмек көрсеткені үшін алғыс айтып, осы әуекомпанияның рейстерімен тегін ұшу сертификатын тарту етті.

Эльмира Мықтыбаева